Көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің 85 жасқа толуына арналған конференция.

Халықаралық ынтымақтастық аясында 10 мамырда ҚР Тұңғыш президентінің Музейінде Әзірбайжанның жалпыұлттық лидері, көрнекті саяси және мемлекет қайраткері Гейдар Алиевтің 85 жасқа толуына байланысты конференция болып өтті.
   Конференцияны ұйымдастырушылар – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, «Қазақстан - Әзірбайжан» достық және мәдениет ассоциациясы, Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігі және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Музейі.
Конференцияны Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Музейінің директоры А. Сағынғали ашты.
     Конференцияда Парламенттің жоғары палатасының вице-спикері Мұхамбет Көпей, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Орал Мұхамеджанов сөз сөйледі.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасындағы Әзірбайжан Республикасы Елшілігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Лятиф Сейфеддин оғлы Гандилов, Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы Елшілігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников, Қазақстан Республикасындағы Ауғанстан Ислам Республикасының Төтенше елшісі және өкілетті өкілі Азиз Арианфар, Қазақстан Республикасындағы Грузия Елшілігінің Төтенше және Өкілетті елшісі Зураб Шургаия қатысты.
Г.Алиев қызметінің көп қырлы аспектілері, Әзірбайжандағы қазіргі заманғы саяси процестер туралы Парламент депутаттары, шетелдік елшіліктердің басшылары, «Нұр Отан» партиясының, қоғамдық бірлестіктер мен ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері, сондай-ақ жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері баяндама жасады.
      Гейдар Алиев елді бірнеше ондаған жылдар бойы басқарды, ол өткен ғасырдағы ең жарқын саясаткер, Әзірбайжан тәуелсіздігінің негізін салушы ретінде танылған. Гейдар Алиев Қазақстан-Әзірбайжан қарым-қатынасының орнығуына зор үлес қосты.

Конференция барысында мынадай бағыттарда үш секция жұмыс істеді:
• Президент және президенттік институт: отандық және әлемдік тәжірибе;
• Тұлға және қоғам;
• Музейлер - тарихтағы тұлғалардың рөлін зерттеу және насихаттау орталығы.