Елімізге ресми сапармен келген Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Чон Сэ Гюн бастаған мемлекет парламентінің мүшелері бүгін Елбасы кітапханасына ат басын бұрды.

Делегация сыртқы істер жөніндегі; әйелдер және отбасы істері жөніндегі; ұлттық саясат жөніндегі; Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының білім беру, мәдениет, спорт және туризм жөніндегі комитеттерінің мүшелері, Оңтүстік Корея БАҚ қызметкерлері іспетті мемлекет партияларының өкілдерінен құрылды.
Мәртебелі меймандармен қатар Елбасы кітапханасымен танысуға Қазақстандағы Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Ким Дэсик, Мәжіліс Төрағасы Владимир Божко бастаған Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палата депутаттары да келді.

Сыйлы қонақтарды Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов қарсы алды. Олардың құрметіне арнап ғимарат бойынша экскурсия жүргізілді.
Экскурсия соңында Чон Сэ Гюн Елбасы кітапханасының пікірлер кітабына естелік жазбасын қалдырды. «Біз Ұлттық Ассамблея депутаттарымен Назарбаев орталығының экспозицияларын мұқият қарап, экскурсияларын ұйып тыңдадық. Аталмыш орталықтың келешекте Қазақстан жастарына ғылыми білім беру бойынша ірі, алып алаңға айналатынына сенемін», - деп жазды Чон Сэ Гюн.

Іс-шара соңында Әмірхан Мұратбекұлы Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасына естелік сыйлық тарту етті. Чон Сэ Гюн өз кезегінде мәнді кездесуге алғысын білдіріп, ықыласын жасырмады:
– Мекеменің шынында да Назарбаев орталығы екенін сезіндім. Бұл жерде кез келген шет мемлекет, не Қазақстан азаматы Елбасының қызмет жолы мен елдің мәдениетімен, тарихымен толық таныса алады, - деді ол.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мәртебелі меймандарды жиі қарсы алады. 2017 жылдың өзінде Кітапханаға Сербия Республикасының президенті Александр Вучич, Татарстан президенті Рустам Минниханов, Сингапур Республикасы Парламентінің спикері Халима Якоб, Швеция Парламентінің спикері Урбан Алан келіп үлгерді. Олардың барлығы Елбасы кітапханасының қайталанбас сыртқы сәулетіне қызығып, құжаттардың, фото және бейне материалдар архивінің, экспозицияларда ұсынылған жәдігерлер мен кітаптардың бірегейлігін белгілеген.
