2015 жылдан бастап Елбасы кітапханасында «Тілектер кітабы» жүргізіледі. Астана күні мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Ашық есік күндері» ұйымдастырылып, шара барысында Кітапханаға келуші меймандардың ақ тілектерін және лебіздерін арнайы кітапқа жинақтау жұмысы басталды.
Бүгінгі таңда «Тілектер кітабына» қазақ, орыс, ағылшын, араб, тәжік, иврит, қытай және хинди тілдерінде жазылған мәтіндер бар.

2015 жылы басталған «Тілектер кітабы» парақтары күннен-күнге жылы лебіздермен қалыңдап келеді. Елбасы кітапханасына келген көрнекті тұлғалардың айтқан өнегелі сөздері осы кітапқа жинақталады.
Мәселен, онда Мырзатай Жолдасбеков «Әлемде жеті ғажайып бар дейді ғой, бұл Кітапхана – сегізіншісі», Нұрлан Оразалин «Біз – ұлт тағдырына бетбұрыс алып келген жаңа дәуірдің – Назарбаев дәуірінің ұрпағымыз. Ұлтқа, ұрпаққа кітап ауадай қажет. Ғажайып ғимарат – ғажайып дәуірдің көзі. Осы ғимаратта ғажайып ұрпақ жетілсін!» деген сөздер арқылы өз ілтипатын білдірген.
Осы кітапқа Елбасының қызметтес, пікірлес және курстас достары, атап айтқанда, металлургия факультетінде бірге оқыған Виктор Никонов, Теміртау қаласының Құрметті азаматы, Ардагерлер кеңесінің төрағасы – Н.Т. Вахитов, курстас достары – Т.И. Искаков, Е.И. Төлеубаев, Қ.О. Омашев, Теміртау қ. Тұңғыш Президент тарихи-мәдени орталығы директорының орынбасары – С.Саргизов тілектерін жазған. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері С.Қирабаев пен Ә.Бейсенова, белгілі журналист, «Төртінші билік» газетінің редакторы Төлемырза Темірбекұлы, Ақтөбе облысының «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалым Қамысбаев, бокстан әлем және олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, көрнекті ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтың ұрпақтары, Екібастұз қаласынан «Мерейлі отбасы» байқауына қатысушы Әміреновтер отбасы, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының ғарышкер-ұшқышы Айдын Айымбетов, қарапайым қала тұрғындары және тағы басқа да белгілі тұлғалардың ақ тілек лебіздері жазылған.

Сондай-ақ «Тілектер кітабына» шетелдік меймандар, елшілер, халықаралық ұйымдардың өкілдері жазған тілектер де енген. Атап айтқанда, Ресей Федерациясы, АҚШ, Ұлыбритания, Беларусь Республикасы, Украина, Тәжікстан, Қытай, Үндістан, Израиль және тағы басқа алыс және жақын шетелден келген қонақтар мен туристер қолтаңбасы қойылған жазбалар бар.