Ағымдағы жылдың 25 тамызында Қазақстан Республикасы ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті аппаратының қызметкерлері Елбасы кітапханасының көшпелі дәрісін тыңдады. Конституция күніне орай жүргізілген «Рухани жаңғыру: Мәңгілік Ел» дәрісіне 150 адам қатысты.

Тыңдаушылар Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы, дәріскер Құралай Шайкеновамен бірге Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында белгіленген мақсаттар мен міндеттерді талқылап, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына да үңілді. Дәріс барысында Кітапхана қорларынан алынған фотосуреттер мен архив құжаттары ұсынылды.

Тақырыптық дәріс кезінде қызығушылық пен белсенділік танытқан ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері Елбасы кітапханасының мемлекеттік қызметкерлерге арнап жүргізетін дәрістері мен семинарларына жиі қатысу ниетін білдірді.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылғы 5 шілдеде ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті қызметкерлеріне арнап елорда күніне орай «Астана – тәуелсіз Қазақстанның нышаны» дәрісі жүргізілген болатын.