«КӨКТЕМ ТАМШЫСЫ-2018» ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ МУЗЕЙІНДЕ

2018 жылдың 20 наурызында Елбасы кітапханасы Музейінде сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнері «Көктем тамшысы-2018» бойынша VII республикалық шеберлік сыныбы өтті. Шара «Рухани жаңғыру» ұлттық бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылары – Елбасы кітапханасы, Балалар көркемөнер мектебі – ЮНЕСКО клубы және Астана қаласының Білім басқармасы.

Сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің түрлері бойынша – «Мозаика өнері», «Мүсіндегі анимализм», «Саз-балшық өнері», «Терра», «Интерьерлік қуыршақтар дайындау», «Акрил техникасындағы әшекейлеу», «Эмальмен қоршау техникасының өрнегі» жеті шеберлік сыныбы өтті.

Шеберлік сыныптарын ҚР Суретшілер одағының және Халықаралық педагог-суретшілер одағының мүшелері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткерлері – Райса Бадриденова, Қуандық Баймұханов, Перизат Серікбаева, Елена Халевич, Асқар Смағұловтар өткізді.

Астана қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубының директоры, ҚР БКМ директорлар кеңесінің төрағасы, Халықаралық педагог-суретшілер одағы басқармасының мүшесі Гүлзия Исенова:

– Ұйымдастырушылар бейнелеу өнері шеберлік сыныптарының тақырыптарын түрлендіруге тырысты. Шеберлік сыныптарының тақырыптары жыл сайын өзгеріп отырады. Балалар өнер мен қолөнердің жаңа түрлерін игереді. Шеберлік сыныптарын өткізетін Қазақстанның Дизайнелер мен суретшілері одағының суретшілері балалармен, студенттермен үнемі шығармашылық кездесулер өткізеді. Мысалы, педагог Елена Халевич – «Көктем тамшысы» жобасының Тараз қаласы мен Жамбыл облысы бойынша өңірлік үйлестірушісі, балалар шығармашылығының айтулы байқауларынан алғыс хаттар алған. ҚазҰӨУ оқытушысы Перизат Серікбаева – Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, Алматы қаласындағы Республикалық пәндер олимпиадасына студенттерді жоғары дәрежеде дайындағаны, «Шабыт» халықаралық жас суретшілер фестиваліне қатысқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғыс хатымен марапатталған.

Байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен, Тараз, Орал, Ақтөбе, Екібастұз қалаларынан келген 50 жас суретшілер қатысты.

Байқауды ұйымдастырушылар шараның барлық қатысушыларына сертификаттар тапсырды. Жеңімпаздар Астананың 20 жылдығына арналған 2018 жылдың маусым айында өтетін «Ұлы даланың бояулары» ІІ Республикалық байқау-пленэрге шақырылатын болады.