«КӨКТЕМ ШУАҒЫ»: ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРУЛАР ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

Нәзік жандар мемлекеттік қызметте, әлеуметтік маңызды білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінде тер төгеді. Жеке кәсіптің тізгінін ұстаған қазақстандықтардың 40 пайызын әйелдер құрайды. Қазақстандық арулар еліміздің дамуы және халықтың әл-ауқатын арттыру жолында білек сыбана еңбек етуде. Абыройлы қызметімен еленіп жүрген нәзік жандармен  7 наурыз күні Мемлекет басшысы жүздесіп, оларды Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтады. Игі дәстүрге айналған «Көктем шуағы» кездесуіне қатысқан арулар Елбасы кітапханасына да ат басын бұрды.

Дәстүрлі өнерге бет бұрған Ақерке Тәжібаева шетелдіктерді қобыздың қоңыр үнімен тәнті етуде. Нәзік жанның ұлттық аспапта ойнау шеберлігі  талай халықаралық байқауларда жоғары бағаланған.

– «Көктем шуағы» кездесуіне жолым түсіп, ерекше әсерге бөлендім. Елбасы кітапханасымен жете таныстым. Мекеменің кітапхана, архив, музей, мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу орталығының қызметін атқаратыны таң қалдырды. Әртүрлі мемлекет басшыларының сыйлықтары, тарихи мәні зор жәдігерлер арқылы әлем көшбасшыларының Елбасымызға деген құрметі және Президентіміздің халықтың әл-ауқатын көтеру жолындағы қызметі анық байқалады. Н.Ә.Назарбаевтың жинаған кітаптарымен танысып, екеуінің атауын өзіме түртіп алдым. Өнер жолын ғылыммен ұштастыру қолымнан келіп жатса, ізденісімді Елбасы кітапханасында жүргізсем деймін, - деп ойымен халықаралық қобыз байқауларының лауреаты Ақерке Тәжібаева бөлісті.

Елбасымен жүздесу мәртебесіне эстрада әншісі, актриса Салтанат Бақаева ие болды.

– Елбасы кітапханасында келіп, үлкен әсерге бөлендім. Дамыған мемлекеттермен иық тірестіріп, өркендеудің жаңа кезеңіне ұмтылуымыз қажет.  Елдің қалыптасуы мен дамуындағы әйелдердің баға жетпес рөлін ескерсек, бізде халыққа, соның ішінде әйелдер мен балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мен Мемлекет басшысының «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесуіне шақырылып, көктем мезгілін ерекше сезіммен қарсы алудамын. Оның аясында Елбасы кітапханасына келіп, тарихи жәдігерлермен, бірегей мұрағат құжаттарымен тамашаладық. Президентіміздің жаңа қырларымен, оның елімізді өркендетудегі ерен еңбегімен жан-жақты таныстық, - деді   М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының әртісі, «Арнау» тобының әншісі Салтанат Бақаева.

«Көктем шуағы» кездесуіне қатысқан ақын, «Шабыт» халықаралық байқауының лауреаты Толқын Қабылша, ғалым-микробиолог, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Үздік жас ғалым-2014» байқауының жеңімпазы Әлия Ерназарова, ҚХА мүшесі, ауыл мектебінің директоры, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ирина Седова, «Жас Атамекен» жас кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мария Галицкая, ««Теңізшевройл» ЖШС адам ресурстарын басқару бас менеджері Шолпан Алтыбаева, «Астана-Балет» театрының жетекші балеринасы Милана Буканова, журналист, республикалық байқаулардың жеңімпазы Венера Мирланқызы, көп балалы ана, «Күміс алқа» иегері  Оксана Мұкашева, аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Қарлығаш Рәзиева, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Парашютпен секіруге дайындау орталығының аға маманы Римма Рамазанова, жуырда Алматыда өткен Универсиада-2017 чемпионы Анна Шевченко Елбасы кітапханасының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, қазақстандық әйелдер қауымын шұғылалы көктемнің мерекесімен құттықтады.