Бүгін Тәуелсіздік сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы арқау болды.

Кеңес жұмысы барысында азаматтық қағидасы негізінде қазақстандық біртектілікті нығайтудың тарихи және құқықтық аспектілері қаралып, этносаралық қатынастарды бірыңғай әлеуметтік зерттеу әдіснамасының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиын барысында «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» тақырыбындағы үздік ғылыми жобалар байқауы қорытындыланды. Республикалық шығармашылық бәйгенің жеңімпаздары марапатталды. Ғылыми жұмысы жоғары бағаланған жүлдегерлерді «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» ММ директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев құттықтады. Оларға Кітапхана атынан құнды кітаптар сыйға тарту етілді.
– Мемлекет басшымыз қазақстандық жолдың іргетасын қалып, Қазақстан әлемдегі тұрақтылық пен татулықтың үлгісіне айналып отыр. Сондықтан Елбасымыздың жаһандық бастамалары мен идеялары талай ғылыми жұмыстар мен терең зерттеулерге арқау болатыны даусыз. Бүгінгі байқау – оның бір парасы. Оған өз жұмыстарын ұсынған жерлестеріміз көп еңбектеніп, нақты ғылыми тоқтамдарға келгені қуантады, - деп атап өтті Жапсарбай Ілиясұлы.
Сонымен қатар отырыс аясында Мұрат Әуезовтың «Времен связующая нить» кітабының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналған Ұлттық талдамалық шолудың таныстырылымы өтті.

