Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасына Қытай Халық Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Чжан Сяо келді.
Экскурсия барысында мейман Қазақстанның Тәуелсіздік тарихынан сыр шертетін музей экспозицияларына үлкен қызығушылық танытты. Елші музейдің техникалық жабдықталу деңгейі мен тарихи ақпаратты ұсынудың заманауи тәсілдерін ерекше атап өтті. Мультимедиалық технологиялар экспонаттар тарихын және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың қызмет хроникасының мәнмәтінін ашып, тереңірек ұғынуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында Чжан Сяо Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболатпен кездесті. Мекеме басшысы ҚХР Төтенше және өкілетті елшісін мекеменің қызметімен таныстырды.
Тараптар екі ел ынтымақтастығының тарихи маңыздылығын, сондай-ақ мәдениет, тарих, білім беру және өнер саласындағы өзара әрекеттестікті одан әрі нығайту қажеттілігін талқылады. Кездесу соңында Чжан Сяо Елбасы кітапханасының қорына «Си Цзиньпин ел басқару жөнінде» басылымын тапсырды, өз кезегінде Бақытжан Темірболат мейманға «Летопись лидерства» және «Назарбаев моделі» кітаптарын табыс етті.





