ҚИЫНДЫҚҚА ҚАЙЫСПАЙ, БІРЛІГІМІЗДІ НЫҒАЙТА БЕРЕЙІК!

Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті – Елбасы

Н.Ә. Назарбаевтың үндеуіне (08.04.2020)

Елбасы кітапханасының директоры,

саяси ғылымдардың докторы, профессор

Ә.М. Рахымжановтың пікірі

 

 

ҚИЫНДЫҚҚА ҚАЙЫСПАЙ, БІРЛІГІМІЗДІ НЫҒАЙТА БЕРЕЙІК!

«Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» дейді Елбасы. Бүкіл әлем күрделі кезеңді кешіп жатқанда ұлт тұтастығын нығайта түскен бұл сөздер қасиетті ұранымызға айналды. Оны келтірген үндеу қалың тарихы сынға толы қазақ халқының рухын көтеріп, күш-қайратын арттырғаны рас. Жер бетін пандемия дерті басып жатқан тұста Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтымыздың төзімділігі мен табандылығын, қажымас қайратын еске салды. Дәл осы қасиеттердің арқасында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында қазақ халқы кедергілерге қарамастан бекемдігін сақтап қалған болатын. Сын сәті түскен қазіргі уақытта да Елбасы елмен бір тұтас болып, мемлекетті тұтастылық пен бірлікті сақтап қалуға шақырады. Бұл – қиындықты жеңудің таптырмас амалы.

Әйтеке би бабамыздың, ұлы Абай атамыздың, Бауыржан Момышұлыдай жауынгер батырымыздың киелі сөздерін келтіру арқылы Елбасы қазақ халқының жігер болмысын сипаттайды. Бұл сөздердің негізінде жатқан ұлттық құндылықтардың арқасында Қазақстан осы күнге дейін гүлденіп келетіні хақ.

Аталмыш мақалада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті әлемдік ахуалға баға беріп, коронавирус пандемиясы тұсында орын алып жатқан жағдайларға ашық ойын білдірді. Экономикалық дағдарыс әлем дамуындағы үндестікті бұзғаны рас. Тәуелсіздік жылдарында ұштаған беріктігіміз бұл тұста бізге тірек болмақ. Үкімет те қоғамдағы тұрақтылықты сақтап қалудың барлық жағдайын жасап жатыр. Сол себепті де қиын-қыстау кезеңде қызметін жалғастырып жатқан отандастарымызға Елбасы алғысын білдіріп, еңбегін жоғары бағалайды.

Үстіміздегі күрделі кезең Елбасы басшылығымен еліміз кешкен соңғы отыз жылдың маңыздылығын айқындай түсті. Әлеуметтік-экономикалық реформалар Тұңғыш Президенттің көрегендігі арқасында елдің іргетасын нығайта түсті. Ұлттық қор мен алтын-валюта резервін құра алған мемлекет енді халқымыздың бейбіт те тұрақты өмірін сақтап қалуға бар күшін салып жатыр. Кезінде сіңген ерен еңбектің жемісі бүгінде көмекке зәру азаматтарды қолдауға жұмсалып отыр.

«Жаман дос –  көлеңке: басыңды күн шалса – қашып құтыла алмайсың, басыңды бұлт шалса – іздеп таба алмайсың» дейді Абай. Біз кешіп жатқан уақыт бәрімізге сын. Бұл ойды Елбасы да алға тартып, сын сәтті қолдануға даяр  пайдакүнемдердің әлсіздігін де, салқынқандылық пен парасаттылықты ұстанатындардың жеңісін де келтіреді.

Туған елдің тұрақтылығы мен гүлденуін ойлайтын жанашыр азаматтар «Еліме не бере аламын?» деген сауалды өздеріне жиі қойып, қолда бар мүмкіндіктерді аямауға тырысады. Осы тұста сын сәтте жеке өмірі мен отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінген жерлестеріміз патриоттылығын дәлелдей түсті.

Елінің зайырлы қоғамына үндеу жасаған Елбасы бірлік пен ақылдың арқасында еңсесін еш түсірмеген халқын мақтан тұтатынын жеткізеді. «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деп Абайдың өзі айтқандай, жаһандық дағдарыс тұсында адамзатты адами құндылықтар ғана аман алып қалатыны айқын. Елбасы осы жерде үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді негізге алған ұлтымызға тән игі қасиеттерді меңзиді.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа елімізді посткеңестік дағдарыстан шығарып, даму жолына салуға кезінде қалай қолғабыс танытсақ, халық денсаулығы мен ел қауіпсіздігіне нұқсан келтірер қатермен күресуді қолға алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты да бірлігі мен татулығы жарасқан тұтас ұлт болып қолдай алатынымызға сенемін!