18 ақпан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Кітапханаға кітап сыйла» акциясының кезекті кездесу өтті.
Аталған акция аясында Елбасы кітапханасына өз кітаптарын сыйға тартқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, публицист, мұнайгаз саласындағы еңбек өтілі 1000 жылдан асатын мұнайшылар әулеті Шырдабаевтардың өкілі, экономика ғылымдарының докторы, академик Р.Т. Шырдабаев болды. Сондай-ақ, Кітапхана іс-шарасына «Нұр Отан» партиясының Сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері О.Ә. Әдікәрімов қатысты.
Р.Шырдабаев Елбасы кітапханасына 10-нан аса кітапты сыйлады. Кітапхана сөресінен орын алған еңбектер Қазақстанның мұнайгаз саласының дамуы, сондай-ақ Жетісу, Орталық Қазақстан және Алматы өңірінің табиғаты, тау белесі, өзен-көлі мен қазба байлықтары, жануарлар әлемі туралы энциклопедиялық кітаптар сериясы болып табылады. Осы еңбектер қатарында «Нефть. Вчера, сегодня, завтра», ағылшын тілінде «Нефть Казахстана. Вековая история», «Каспий - море мира и надежд в мировой энергетике» кітаптарын атауға болады. Мұнайгаз саласының білікті маманы әрі зерттеуші-ғалымы Равиль Шырдабаев Қазақстанның мұнайгаз саласының даму перспективасы туралы ойымен бөлісті: «Адамзат тарихындағы 150 жылдық тарихы бар техникалық прогресс мұнайға сүйенген. Қазақстандағы мұнай қоры шамамен 140 млрд. тоннаны құрайды. Бұл шамамен 50 жылға жететін қор. Осыған байланысты XXI ғасырда мұнай саласы басымдыққа ие болады, ал, мұнай қоры 30 млрд. тоннадан асатын Каспий өңірі мұнай өңдеуші жетекші аймаққа айналады деп ойлаймын», - деді.
Кітап сыйлау рәсімінде сөз алған Равиль Тәжіғараұлы:
- Өткен жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткені баршаңызға белгілі. Биылғы жыл қасиетті Тәуелсіздігімізге 25 жыл толады. Осы қысқа ғана кезең ішінде егеменді еліміз үлкен табыстарға қол жеткізді. Біз шетелге барған сапарымызда бізден «Қазақстан қандай ел?», «қазақ қандай ұлт?» деген сұрақты жиі қояды. Біздің беретін жауабымыз: қазіргі Қазақстан аумағына 8 Ұлыбритания сыйып кетеді. Біздің батыр ата-бабаларымыз осы жерді, ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап қалды. Олар «дербес ел» болу жолында талай күреске шықты, ел мен жерін қорғады. Біздің арамыздан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шықты. Біздің Президентіміз сонау 90 жылдары – күрделі кезеңде мемлекетті нығайтып қалыптастырды. Осындай Президентпен біз мақтанамыз. Сондай-ақ, шетел Қазақстанды, алдымен, Елбасы тұлғасымен таниды. Біз бақытты ұрпақпыз. Себебі, біз тәуелсіз елде және кемеңгер басшысы бар елде өмір сүріп жатырмыз, - деп сөзін толықтырды.
[Best_Wordpress_Gallery id="14" gal_title="Акция «Подари книгу Библиотеке»"]
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов: «Автор сыйлаған әр кітап – жеке энциклопедия. Мұндай еңбектерді ғылыми институттар жазады. Бұл дегеніміз автордың ерен еңбекқорлығы мен жоғары біліктілігін көрсетеді», - деп атап өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Б.Қ. Жұмабеков ғалым Р.Т. Шырдабаевқа сыйға берген кітаптары үшін алғысын айтты. Кітапхана директоры: «Мұнай саласы - Қазақстан экономикасының басты салаларының бірі. Сондықтан, бұл күрделі сала Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың Ұлт жоспары «100 нақты қадамында» маңызды орынға ие. Ғалым ағамыз сыйлаған кітаптар мұнай саласын оқып үйренуші қауым – студенттер, магистранттар, докторанттар, ғалымдар мен жас мұнайшылар үшін таптырмас қазына», - деді.
Кездесу соңында құрметті меймандар Елбасы кітапханасының Тілек кітабына естелік лебіздерін жазып қалдырды.