КІТАП ҚОРЫ «ШОҚАН УӘЛИХАНОВТЫҢ ТАҒДЫРЫ МЕН МҰРАСЫ» БАСЫЛЫМЫМЕН ТОЛЫҚТЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының қоры Жарас Ермекбайдың «Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» кітабымен толықты.
Қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген еңбек ғалым және саяхатшы ретінде тарихқа ізін қалдырға, бүгінге дейін ғылыми мұрасы өзектілігін жоғалтпаған қазақ халқының біртуар ұлы Шоқан Уәлихановқа арналған.
Кітапқа кіріспе сөз жазған Томск мемлекеттік ұлттық зерттеу университетінің профессоры Василий Зиновьев Ш.Уәлихановтың қысқа ғұмыры мен сан қырлы қайраткерлігі туралы деректі айғақтардың көп болғанына қарамастан, тағы бір кітаптың жазылуына бірнеше себеп барын келтіреді: «...Оның бірінші себебі – Ш.Уәлиханов туралы ақпаратты толықтырып нақтылау, қазақ халқының аса көрнекті ұлы жайында орыс және қазақ архивтерінен іздеп тапқан маңызды материалдарды жарыққа шығару. ...Әр халық өз қаһарманын танып біліп, сол жайындағы тарихи естелікті есте сақтап құрметтеуге міндетті».
Жарас Ермекбай кітапты бірнеше жыл бойы жазды. Материал жинау барысында Шоқан Уәлихановқа арналған түрлі ғылыми форумдар мен конференцияларға қатысып, оның мұрасын зерттеп жүрген әріптестерімен кездесіп, хат алмасқан.
«Ол тұңғыш рет еуропалық әлемге Орталық Азиядағы түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін ашты. Оның ғылыми еңбектері бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ, – деп жазады автор, – Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов мен үшін, ең алдымен, Еуразия халықтарын зерттеуші ретінде қызықты. Қазақ халқының ұлы бола тұра, Орта Азиядағы басқа да халықтардың тарихын білуге ұмтылды. Ол парсы, араб және түркі тілдерінде жазылған нарративті дереккөздермен таныс еді».
«Шоқан Уәлихановтың тағдыры мен мұрасы» кітабы Ш.Уәлихановтың 185 жылдығына арналған. Басылымды «QazaqGeography» республикалық қоғамдық бірлестігі ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен басып шығарды.