ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ ДАМЫТУ ҚАДАМДАРЫ. Ə. РАХЫМЖАНОВ ЖАПОНДЫҚ HONDA ЖƏНЕ ГОИ БЕЙБІТШІЛІК ҚОРЛАРЫНЫҢ БАСШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

2019 жылғы 23 қыркүйек күні Елбасы кітапханасының Токиода өтіп жатқан «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» атты ғылыми-экспозициялық жобасы аясында Елбасы кітапханасының директоры Əмірхан Рахымжанов Honda (Honda Foundation) қорының президенті Хирото Ишидамен кездесті.

Кездесу барысында Ə.Рахымжанов жапондық әріптестерге қонақжайлылығы мен жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, Қазақстан мен Жапония арасындағы екіжақты қарым-қатынас аясында өзара ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Сондай-ақ, ол 2018 жылғы мамырда Honda қорымен бірлесе ұйымдастырылып, жапондық 18 ғалым мен қазақстандық саяси, іскер жəне ғылыми элитаның қатысуымен өткен «Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану саласының инновациялық технологиялары» халықаралық симпозиумының экологиялық бағыттағы инновациялық технологиялар мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, әлеуметтік-саяси және ғылыми мәселелерді шешу, «жасыл технологияларды» дамытудың нақты жолдарын белгілеу, дүние жүзіндегі табиғи ресурстарды дамыту мен сақтау бойынша екі ел ғалымдарының жігерін біріктіру үшін тың серпін бергенін атап өтті.

Honda қорының президенті Х.Ишида мырза ынтымақтастықты дамыту жөніндегі ұсынысқа қолдау білдіріп, бірлескен іс-шараларды өткізу тәжірибесі əріптестікті кеңейтуге мүмкіндік беретінін атады.

Кездесу соңында тараптар бір-біріне естелік сыйлықтар тарту етті.

Сондай-ақ, 2019 жылғы 19 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесі мен Қорының қолдауымен Елбасы кітапханасы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Жапониядағы Елшілігі және Гои бейбітшілік қорының ұйымдастыруымен өткен «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» халықаралық конференция аясында Елбасы кітапханасының директоры Əмірхан Рахымжанов Гои бейбітшілік қорының (The Goi Peace Foundation) президенті Хироо Сайонджи мырзамен де кездесті. Тараптар ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.

  

Гои бейбітшілік қоры - бейбіт бастамаларды ілгерілету саласында ауқымды халықаралық қызметті жүзеге асырып келе жатқан Жапонияның ірі үкіметтік емес ұйымдарының бірі.