ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САУАТТАНДЫРУ КҮНІ. ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ ҰЛЫ АҒАРТУШЫЛАРЫ

8 қыркүйек – халықаралық сауаттандыру күні. Бұл атаулы күнді ЮНЕСКО 1965 жылы 8 қыркүйекте Тегеранда өткен Білім министрлерінің  Бүкіләлемдік сауатсыздықты жою жөніндегі конференциясының ұсынысы бойынша енгізді.

Бұл күн ЮНЕСКО іс-қимылының басты салаларының бірі болып табылатын сауаттандыру жөніндегі қоғам күш-жігерін жандандыруға шақырады. Сауаттылық – оқу мен білімнің негізі, әрі халықтың әлеуметтік-мәдени дамуындағы басты көрсеткіш. Ол бекем, бейбіт, гүлденген қоғам құруда түпкі рөл атқарады.

Алайда сауаттылық кейінгі және алдыңғы буынды алғанда толықтай қол жеткізген жетістік емес. ЮНЕСКО деректеріне сәйкес, соңғы 50 жылда сауаттылық деңгейінің өсуі мен көптеген елдердің жетістіктеріне қарамастан, бүкіл әлем бойынша сауаты жоқ 750 миллион ересек пен 250 миллион бала бар.

Біздің еліміз халық білімі дамытудың арқасында тұрғындардың жаппай сауатсыздығынан құтылды. Ғасырдың бір ширегіндей уақыт ішінде Қазақстан халық сауаттылығының жоғарғы деңгейі мен жастардың сан алуан білім беру бағдарламаларына белсенді қатысуының арқасында түрлі халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштерін жоғарылатып жатыр.

2015 жылы ЮНЕСКО-да 164 мемлекет үкіметтері қабылдаған білім беру саласының 6 мақсатына қол жеткізудегі міндеттердің қорытындысы шықты. ЮНЕСКО Білім дамуы көрсеткішінің (БДК) соңғы рейтингісінде Қазақстан 113 мемлекет арасында үздік 8 елдің қатарында тұр.

Білім саласы әрдайым қоғамның экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына ықпал ететін маңызды фактор болғандықтан, сауаттандыру мәселелері өз өзектілігін жоғалтпайды.

Қоғамның, ғылым мен мәдениеттің дамуына ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы ағартушылар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы зор үлесін қосты.

Шоқан Уәлиханов ғылымды Қазақстан, Қырғызстан, Орта Азия, Оңтүстік Сібір, Шығыс Түркістан елдеріне тиесілі тарих, этнография, мәдениет, экономика, физикалық география салаларындағы зерттеулерімен байытты. Ол Орта Азия және онымен шектесіп жатқан өңірлер ұлттарының географиясы мен этнографиясының, фольклорының зерттелуіне бірден-бір үлес қосты.

Елбасының жеке кітапханасында қазақ ғалымы, ағартушы-демократ Ш. Уәлиханов шығармаларының толық жинағы мен таңдамалы еңбектерінің басылымдары сақтаулы.

Бүгінде Ш. Уәлихановтың шығармашылық мұрасы заманауи зерттеулердің назарында.

Сондай-ақ Елбасының жеке кітапханасында Б. Қыстаубаевтың Н.Ә. Назарбаевқа қолтаңбасымен тарту еткен «Шоқан Уәлихановтың сыры» атты тарихи эссесі, К. Диярованың қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде басылған «Жарқыраған жұлдыз. Шоқан Уәлиханов» атты фото кітабы іспетті басылымдар бар. Олар Ш. Уәлихановтың өмірінен сыр шерткен бірқатар туындылардың бірі.

Қазақ ағартушысы Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының философиясы, мәдениеті пен әдебиеті тарихында жаңашыл педагог, мектеп негізін қалаушы, этнограф, фольклоршы, ақын, прозашы, орыс классиктері туындыларының, әсіресе Крылов мысалдарының аудармашысы ретінде белгілі.

Ш. Уәлиханов секілді Ы. Алтынсарин да ағарту идеясын қолдаған. «Мектеп – қазақтардың білімін қозғаушы күш. Қазақ халқының үміті мен болашағы да сонда», - деп 1871 жылы Ыбырай Алтынсарин ой түйген. Оның бастамасы мен күшімен Қазақстан халық ағарту мектептерінің жүйесі қалыптасты.

Елбасы кітапханасының кітап қорында қазақ жазба әдебиетін қалыптастыруда ерен еңбек еткен ұлы жазушы, демократ Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылығына арналған басылымдар сақталған. «Қазақ хрестоматиясы» кітабында оның жұмыстары мен қазақ халық әдебиетінің үздік мысалдары, сондай-ақ Еуропа классикалық әдебиеттерінің қазақ тілді аудармалары берілген.

Қазақ жазба әдебиетінің негізін салған ұлы қазақ ағартушысы, ойшыл, ақын Абай ұрпағына мазмұны мен мәні зор мұра қалдырды.

Елбасы кітапханасының кітап топтамаларында Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен поэмалары, қара сөздері, сонымен қатар орыс, ағылшын тілді Абай шығармалары алғашқы аудармаларының түпнұсқалары, Абай туралы монографиялар мен баяндамалар бар.

Республикамыздағы халық білімінің, әсіресе қазақ мектептерінің дамуы мектептерге арнап кітап-құралдарды жазумен айналысқан ұлтымыздың белгілі ағартушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушы-ақындары А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Жұмабаев, Қ. Сәтбаев, С. Асфендияров, Қ. Кеменгерұлы, С. Сәдуақасұлы, Ғ. Мүсірепов, М. Дулатұлы секілді т.б. ғалымдардың арқасында қарқындады.

Бұл ағартушылар еңбектерінің жинақтары мен олар жөнінде жазылған биографиялық материалдарды оқырмандар Елбасы кітапханасынан таба алады.