23 сәуір - барша әлемде Кітап және авторлық құқық күні атап өтіледі. Бұл күн 1995 жылы өткен ЮНЕСКО-ның 28-ші сессиясында жарияланды. Кітап күні көптеген елдерде кітап көрмелері мен жәрмеңкелері өткізіледі. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Адамды қалыптастыратын екі нәрсе, бірі оның қандай шығарманы оқитыны болса, екіншісі - оның кіммен қарым-қатынас жасайтыны», - деген сөздерін қазақстандықтардың жаңа буынына арнаған болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы балаларға да, ересектерге де кітап оқудың маңыздылығын әрдайым айтады.
Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылы жарық көрген «Әділеттің ақ жолы» кітабындағы мына жолдар оның кітап оқуға деген ынтасының мектеп қабырғасынан басталғанын көрсетеді: «... алтындай қымбат уақытты бағалай білуді үйрендім, сабаққа дайындалуға да, өзім қатты құмартып алған кітап оқуға да уақыт табатын болдым. Әрине, кітап оқуымда ешқандай да белгілі бір жүйе жоқ еді. Мектеп кітапханасынан қолға түскендердің бәрін ала беретінмін. Мені бақытыма қарай, оның кітап қоры онша жұпыны болмай шықты. Пушкиннің, Лермонтовтың, Лев Толстойдың, Горькийдің, өзіміздің қазақ классиктері – Мүсіреповтің, Мұстафиннің, Әуезовтің, Мұқановтың көптеген туындыларын оқып шығуымның сәті түсті. Ал енді менің де, құрдастарымның да фантастика мен шытырман оқиғалы кітаптарға деген құмарлығымыз ерекше еді. Бізді Дюма, Конан Дойл, Беляев, Хаггард, Купер кейіпкерлерінің мүлде әдеттен тыс, бейтаныс болса да, соншалықты тартымды әлемі қатты еліктіретін...»
Елбасының жеке кітапханасы үнемі классикалық әдебиет шығармаларымен және қазіргі заманғы жазушылар мен ақындардың туындыларымен толықтырылуда.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің жеке кітапханасын өткен ғасырдың 60-шы жылдары құра бастады. Ол 2007 жылы мыңға жуық кітабын Қазақстанның Тұңғыш Президентінің музейіне берді. Бүгінде кітапханалық қоры 33 мың данадан асатын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының тарихы осылай басталды. Бұл көрсеткіш ұдайы өсіп келеді: басылымдар кітапханаға Елбасының «Кітапханаға» деген өз қолымен жазған қолтаңбасымен түседі.
Кітап қоры мол ғылыми және тарихи құндылыққа ие. Кең көлемді әдебиеттер жинағында әлемдік және отандық классиктердің, әлемге әйгілі жазушылардың, ғалымдардың, саясаткерлердің, мәдениет пен өнер өкілдерінің, соның ішінде ғарышкер Алексей Леоновтың, ақындар мен жазушылар және әртістер – Шыңғыс Айтматов, Расул Гамзатов, Иосиф Кобзон, Галина Вишневскаяның жеке қолтаңбалары қойылған кітаптары бар.
Бұдан басқа, бұл жерде XVII ғасырдың көне баспа кітаптары, 1667 жылдың «Шариғат ережелері» қолжазбасы сақталуда. XIX-XX ғасырлардағы сирек коллекциялық басылымдар да бар. Әсіресе, басым бөлігі араб тілінде жазылған 70-тен астам қасиетті Құран басылымдарының жинағы ерекше құнды. Олардың арасында 1667 жылғы қолжазба Құран мен ғарышкер Талғат Мұсабаев тапсырған ғарышта болған Құран кітаптары да бар. Сондай-ақ, кітапханада Миланның Амброзиан кітапханасы Нұрсұлтан Назарбаевқа сыйға тартқан Леонардо да Винчидің эскиздері бар альбом сақталған. Раритетті әдебиет арнаулы сақтауды талап етеді. Сондықтан көне кітаптар тұрақты салқын температурадағы және жарығы көмескі жеке бөлмеде орналасқан.
Шет мемлекеттер президенттерінің, премьер-министрлерінің сый қолжазбалары бар кітаптар Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі заманның ең мықты, әлем таныған саясаткері ретіндегі жоғары халықаралық беделін көрсетеді. Мұнда Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю, Си Цзиньпин, Борис Ельцин, Билл Клинтон, Генри Киссинджер және басқа да көрнекі тұлғалардың естелік жазбалары бар кітаптар ұсынылған.
Тұңғыш Президент журналистерге берген сұхбаттарының бірінде негізінен қызметіне қажетті арнайы әдебиеттерді оқитынын атап өткен болатын: «Мен кітап оқығанды өте жақсы көремін және сол үшін уақыт табамын. Аптаның бір күні, яғни жексенбіде жұмыс істемей, кешкі уақытта кітап оқимын».
Кітапхананы зерттей келе, көптеген кітаптарда Елбасының өзі жасаған бетбелгілер мен белгілерді байқауға балады. Кітаптарды терең де мұқият оқу – Нұрсұлтан Әбішұлының ерекше қасиеттерінің бірі, оқыған маңызды оқиғалардың жанына әрдайым үзінділер мен ескертпелер жасап, сұрақ белгілерін қалдырады. Елбасының қарындашпен белгілегендерін мына кітап беттерінен: Вячеслав Хотулевтің «Петр Столыпин: Трагедия России» кітабынан, Ұлы князь Гавриил Константиновичтің «В Мраморном дворце. Воспоминания» естеліктерінен, Борис Пастернактың қызы Зоя Масленикованың мемуарлық естеліктерінен, ойшыл-моральшылар Франсуа де Ларошфуко мен Никола де Шамфордың «Аксиомы остроумия» философиялық басылымдарынан, Данышпан Соломон мен Эпиктеттің «Благоразумие мудрости» жинағынан, сондай-ақ римдік философ, саясаткер Луций Анней Сенеканың еңбектерінен кездестіруге болады.
Қазақ әдебиеті саласындағы майталмандар – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Кекілбаев, Әзілхан Нұршайықов, Сырбай Мәуленов, Олжас Сүлейменов, Фариза Оңғарсынованың туындыларының, Шерхан Мұртаза, Қадыр Мырза Әлидің және басқа да қылқалам шеберлері шығармалар жинағының алар орны ерекше. Елбасы заманауи қазақстандық авторлардың еңбектеріне әрдайым аса қызығушылық танытады. Ол оқыған кітаптардың арасында Әбдеш Қалмырзаевтың «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған», Рымғали Нұрғалидің «Қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» Хасен Әбдібаевтың «Отырар ойраны» тарихи романы, Тұманбай Молдағалиевтің «Көне дәптерлерден» өлеңдер жинағы, Ермек Тұрсыновтың «Мамлюктер», Морис Симашконың «Искупление дабира» атты тарихи романдары және т.б. бар.
«Адамға, оның оқуына, мәдениетіне салынған салым – бұл мемлекеттің болашағына арналған салым», – деген болатын Елбасы. Қазақстанның Тұңғыш Президенті қызмет барысында әрдайым елімізде білім саласының дамуына зор көңіл бөліп, зияткерлік өсу, бәсекеге қабілетті ұлт құру үшін оқудың маңыздылығын ерекше атайды. Заманауи әлемде тұрақты түрде білім көкжиегін кеңейту мүмкіндігі электрондық кітаптар арқылы жүзеге асырылуда. Елбасы кітапханасының электрондық кітап қоры үш жарым мыңнан астам электрондық басылымды құрайды. Олармен Елбасы кітапханасының https://presidentlibrary.kz/ru. ресми сайты арқылы танысуға болады.





