Елбасы кітапханасында суырып салма ақын Жамбыл Жабаевтің 171-жылдығына орай көрме ашылды. Кітапхана сөрелерінде ақынның кітаптары, оның шығармашылығы мен өміріне арналған еңбектер сақталған.
Жамбыл Жабаев Шапырашты руынан шыққан кедей көшпенді Жабайдың отбасында дүниеге келген. Аңыз бойынша Жамбылды анасы Ұлдан атасы Істібайдың ауылына жасалған шабуыл кезінде босаныпты. Болашақ ақын Жамбыл тауларының бөктерінде, Шу өзенінің бас жағында туылған. Суырып салма өнерін ұстазы, белгілі ақын Сүйінбайдан үйренеді. Жамбылдың Бақтыбай, Айкүміс, Сарыбас, Шашубай, Құлмамбетпен айтыстары көпке кеңінен танылды.
Жамбыл «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарына сүйеніп, «Хан мен ақын», «Жалқау туралы ертегі» сынды ертегілерін жазды. Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған «Ленинградтық өренім», «Майданға хат», «Отан әмір» өлеңдері жауынгерлердің рухын асқақтатып, тыл еңбекшілерін жігерлендірді. Ақын 1945 жылдың 22 маусымында жүз жасқа жетпей көз жұмды. Оның шығармалары әлемнің 50 шақты тілдеріне аударылған.
Сөздің аса көрнекті шеберіне арналған көрмеге Жамбыл Жабаевтың «Халық – менің шын атым» деп аталатын лирикалық, философиялық, тарихи-эпикалық шығармаларының жинағы ұсынылған.
«Жамбыл» энциклопедиясы ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын баяндайды.
Кітаптың авторы, мемлекет және қоғам қайраткері Уәлихан Қалижанов төлтуындысын 2014 жылы Елбасына тарту еткен.
Сонымен қатар көрмеде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтің жеке кітапханасынан алынған Жамбыл Жабаевтың таңдамалысы («Таңдамалы 1», «Таңдамалы 2» ) көпшілік назарына ұсынылған.



