Елбасы кітапханасының «Нақыл сөздер және олардың тұлғаны қалыптастырудағы маңызы» онлайн-дәрісіне Нұр-Сұлтан қаласының № 23 орта мектебінің оқушылары қатысты.
Дәріс барысында Баспа және редакциялау қызметінің сарапшысы Рауза Қабдоллаева тыңдаушыларға нақыл сөздер туралы баяндап, қанатты сөздердің тұлғаны дамытудағы және адами құндылықтарды қалыптастырудағы мәнін ашып көрсетті. Дәріскер Елбасы кітапханасында сақталған кітаптарда жазылған тұлға бойындағы бірегей қасиеттердің бірі – шешендік өнер туралы мысалдар келтіріп, тарқатып айтты. Сондай-ақ, Тұңғыш Президенттің «Туған елім – тірегім», «Өзекжарды ойлар», «Ой бөлістім халқыммен» кітаптарына жеке-жеке тоқталды.
Онлайн-дәрісте оқушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Туған елім – тірегім» кітабындағы алқалы жиындар мен кездесулерде, ел аумағының әр жерлерінде сөйлеген сөздеріндегі өмірдің сан саласын қамтитын қанатты сөздерімен танысты. Сонымен қатар, Р.Қабдоллаева Н.Ә. Назарбаевтың өз ойымен оңаша қалған сәттерде жүрегін тербеген жайттарды өлеңмен өрнектеген «Жан шуағы» кітабына да тоқталды.
Лекция барысында дәріскер Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының архив қорынан алынған Елбасының өз қолымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранының сөзіне өзгерістер мен толықтырулар енгізген маңызды тарихи құжатты оқушыларға көрсетті.
Сабақ соңында дәріскер қанатты сөздер мен афоризмдерді білуге арналған викторина өткізді.
