«ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ СЫН-ҚАТЕРЛЕР ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАНЫ ҚАЙТА ҚҰРУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

23 сәуірде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы мен М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы онлайн форматта «Қазіргі заманғы сын-қатерлер және экономиканы қайта құру» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы ММУ филиалының 20 жылдығына орайластырылды.

Конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері, М.В. Ломоносов атындағы ММУ мен Қазақстанның жоғары оқу орындарының жетекші ғалымдары, экономика және қаржы саласындағы беделді қазақстандық және ресейлік зерттеушілер мен сарапшылар, мемлекеттік даму институттарының басшылары қатысты.

Жаһандық экономика өзгерістерінің тұсында Қазақстан мен Ресейдің даму үдерісін талдауды көздейтін басқосуда қатысушылар келесідей мәселелерді талқылады: Мәскеу университетінің экономика мектебі және Қазақстандағы ММУ филиалының мамандарды даярлауы; Қазақстан мен Ресей экономикасын дамытудағы қысқа және ұзақ мерзімді трендтер; Жаһандық пандемияның бүгінгі экономика саласына ықпалы; Қазақстан мен Ресейдің бүгінгі даму кезеңіндегі мемлекеттік саясат пен реформалар; Цифрландыру үдерісінің бүгінгі экономика саласына ықпалы және оны Қазақстан мен Ресейде, сондай-ақ жалпы әлемде дамытудың бағыттары; Бүгінгі қаржы құрылымы өзгерістерінің бағыттары мен қаржы нарығы мен институтының даму ерекшеліктері; Қазақстанның ЕЭО-ға төрағалығы мен Еуразия экономикалық бірлестігінің даму бағыттары.

Іс-шараның маңызды оқиғасы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың халықаралық конференция қатысушыларына жолдаған үндеуі болды:

«Осыдан 20 жыл бұрын менің бастамам  мен Ресей Президенті В.В. Путиннің қолдауымен Қазақстан астанасында әлемдегі ең үздік университеттердің бірі – М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалы ашылды.

Бұл айтулы оқиға екі елдің достығы мен стратегиялық әріптестігінің тағы бір айғағы болды.

Осы жылдар ішінде Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы ММУ филиалының түлектері егемен Қазақстанның дамуына өздерінің лайықты үлестерін қосты.

Бұл мерейтойлық датаның Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің символикалық мәні бар. Бұл іс-шара Мәскеу мемлекеттік университетінің екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудағы рөлін айқындай түспек.  Мен 1994 жылы университет мінберінен кейіннен посткеңестік кеңістіктегі интеграцияның негізіне айналған Еуразиялық одақ құру идеясын жария еттім. 

Тиімді экономикалық өзара іс-қимыл мен мәдени және ғылыми-білім беру байланыстарын тереңдету алдағы уақытта да біздің халықтарымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, өркендеуіне ықпал ететініне сенімдімін».

– Бүгін біз Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының 20 жылдығына арналған іргелі ғылым бағыттары бойынша  бірлескен ғылыми-практикалық конференцияның циклын ашамыз. Естеріңізде болса, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биік мінберінен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев алғашқылардың бірі болып Еуразиялық интеграцияның тұжырымдамалық идеясын айтқан болатын. Сол кезде Елбасы еуразиялық бастамасы арқылы тыңға түрен салды. Көпшілік оның бұл креативті ойын қабылдауға дайын емес еді. Алайда, тығыз экономикалық өзара іс-қимылдан бас тарта алмау, жылдамдатып өсу кезіндегі қиындықтарды жеңу және әлемдік нарыққа бірігу, өзге халықаралық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жүргізу қажеттілігін көрсетті, – деді іс-шараны ашқан Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат. Сондай-ақ, ол Қазақстандағы ММУ  филиалының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерін мерейтойлық датамен құттықтады.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ ректоры, РҒА академигі Виктор Садовничий өз сөзінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде егемен мемлекетті құру мен дамытуда үлкен жетістіктерге жеткенін атап өтті.

– Мәскеу университеті Қазақстанмен үнемі білім және ғылым саласында тығыз қарым-қатынас орнатып, өзге елдерге үлгі көрсетіп келеді. ММУ қабырғасында Н.Ә. Назарбаевтың мемлекеттердің Еуразиялық одағын құру идеясы туралы айтқан тарихи сөзі Еуразиялық кеңістіктігі мен Мәскеу университетінің тарихында қалды. Біздің игі әрі жақын қарым-қатынасымыздың тағы бір көрінісі – 20 жыл бұрын Қазақстанда ашылған ММУ филиалы. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған Мәскеу университетінің алғашқы шетелдік филиалы болып табылады. 20 жыл ішінде филиалымыз Қазақстандағы беделді және танымал білім ордасына айналды. Бүгінде бұл оқу орнын 2000-нан астам түлек бітірді.  Мен филиал Қазақстан жерінде Мәскеу университетінің даңқты дәстүрлерін одан әрі дамытатынына сенімдімін. Біздің өзара қарым-қатынасымыздағы тағы бір маңызды оқиғаны атап өткім келеді.  Бұл Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының үкіметтері арасында Қазақстандағы ММУ филиалының жұмыс істеуі туралы келісімге қол қоюы. Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаев 2019 жылғы қарашадағы кездесуде  біздің ынтымақтастық пен филиалдың дамуын қолдады, – деп ой бөліскен ол, конференцияның бүкіл Еуразиялық кеңістіктің дамуына үлкен үлес қосатынына және сындарлы ұсыныстар мен жаңа идеяларды әзірлеуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Конференцияның пленарлық бөлімінде Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов «БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттарына сәйкес келетін Елбасының стратегиялық көзқарасын жүзеге асырудағы «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлі» тақырыбында баяндама жасады.

– Қазіргі пандемия дағдарысы және одан шығу жолының ұзаққа созылуы бүкіл әлем үшін үлкен сынақ болды. Бір қызығы, бүгінде экономистер үшін дағдарыстан дағдарысқа дейінгі әртүрлі кезеңдерді өлшеу ыңғайлы болды. 90-шы жылдардың аяғындағы азиялық дағдарысы, 2000-шы жылдардың басындағы Гонконг дағдарысы, 2008 жылғы қаржы дағдарысы баршаңыздың есіңізде. Ал қазіргі коронадағдарыс деп аталады. Осы дағдарыстардың әрқайсысы, соның ішінде қазіргі дағдарыстар сол кездегі жаһандық үрдістерді жеделдетіп, жаңа нарықтар мен даму мүмкіндіктеріне жол ашты. Соңғы он жылда көптеген халықаралық сарапшылар түрлі трендтер туралы айтып жүр. Бүгінде біздің экономикаларымыз үшін маңызды деген бірнешеуін атап өткім келеді. Біріншісі – жаһанданудың құлдырауы, өңірлік интеграция, өңірлік одақтар құру. Екінші –технологияларды дамыту, цифрландыру және бизнес-үдерістерді автоматтандыру. Үшінші тренд – бұл жаңа энергетиканы құру, ал төртіншісі – инвесторлардың қалауларының өзгеруі, соның ішінде ұрпақтық өзгерістер, –  деп атап өтті ол. 

– 30 жыл бұрын Қазақстан егемен және тәуелсіз мемлекетке айналды. Ресей Федерациясы оның тәуелсіздігі мен егемендігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болды. Бұл біздің халықтарымыздың арасындағы қарым-қатынастарды нығайтып, мемлекетаралық деңгейге көтерді. Бүгінде біздің байланысымыз одақтастық сипатқа ие болып, шынайы интеграциялық серіктестерге айналғанымызды қуанышпен айта аламыз. Биылғы жылы Қазақстандағы М.В. Ломоносов атындағы ММУ филиалының құрылғанына 20 жыл толуын атап өтеміз. Бұл-мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынасы тарихындағы айтулы оқиға. Осыған байланысты филиалды құрған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа ерекше алғысымды білдіргім келеді. ... Ресей мен Қазақстанның проблемалары мен оларды еңсеру жолдары ұқсас. Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың басшылығымен пандемиядан кейінгі Қазақстан экономикасын дамыту бағдарламасы әзірленуде. Бүгінгі конференцияның қорытындысы бойынша тұжырымдалған ұсыныстар Қазақстан үшін де, Ресей үшін де пайдалы болады деп үміттенемін, – деді өз сөзінде Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі А.Н.Бородавкин.

 

 Конференцияда сондай-ақ, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Мәскеу экономика мектебінің директоры Александр Некипелов, ҚР ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов, М.В.Ломоносов атындағы ММУ саясаттану факультетінің мемлекеттік саясат кафедрасы меңгерушісі, «Ресей саясаттанушылар қоғамы» жалпы ресейлік қоғамдық ұйымының тең төрағасы Владимир Якунин, Қазақстандағы М.В.Ломоносов атындағы ММУ филиалының директоры Александр Сидорович, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл, М.В. Ломоносов атындағы ММУ экономика факультетінің деканы, Экономикалық даму және сауда министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы, Ұлттық жобалар институтының ғылыми жетекшісі Александр Аузан, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Рахым Ошақбаев баяндама жасады.