Ағымдағы жылдың 1 сәуірінде Елбасы кітапханасында «Ашық депутат» республикалық конференциясы өтті. Іс-шараны Елбасы кітапханасы, Қазақстан депутаттары Өңірлік одағы және Теміртау жастар одағы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияға қатысушылар «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру қорытындылары бойынша қабылданған заңнамаларды талқылады, еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару құрылымдары мен басқару амалдарын өзгертетін заңдар пакетін қарастырды.

Іс-шараның модераторы – «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ҚБ төрағасы Нұрлан Ерімбетовтің айтуынша, Қазақстанда азаматтық сектордың дамуы үшін қажетті жағдайлар жасалуда: «Бүгінгі таңда қоғамдық кеңестер құрылуда. Олар әкімдіктер, министрліктер жанынан ашылған және осы кеңестер қабылдайтын шешімдері үшін жергілікті атқарушы органдар секілді жауапты болуы тиіс. Қоғамдық кеңестердің рөлі де өсіп келеді. Қазіргі таңда осы кеңестер кадрлық саясат, қаржы бөлу, қоғамдық маңызы бар іс-шараларды өткізу туралы шешімдерге әсер етеді. Қоғамдық кеңестер – қоғам мен билік арасындағы көпір іспетті».

Жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V сайланымдағы депутаты Мұрат Әбенов жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту, қоғам өміріндегі мәслихаттардың жаңа рөлі мәселелері туралы сөз сөйледі. Мұрат Әбенов:
- Мәслихаттар жергілікті жердегі мәселелерді тиімді шешудің құралы болуы тиіс. Біздің елде азаматтар белсенді, ал егер азаматтар белсенділігін жергілікті жердегі мәселелерді шешуге жұмсайтын болсақ, мемлекетке де жеңіл болар еді және бұл бюджет шығындарын біршама қысқартар еді, - дейді.
Осы конференция барысында «Өңірлік депутаттар одағы» ҚҚ Президенті, «Теміртау жастар одағы» ҚБ төрағасы Шыңғыс Лепсібай «Менің депутатым» жобасын (сайлаушы азаматтар үшін өзінің мәслихаттағы өкіліне өтінішпен хабарласуға мүмкіндік беретін мобилді қосымша) таныстырып, презентациясын ұсынды. Оның айтуынша, бұл қосымша тұрғындар мен депутаттар арасында тікелей байланысты орнатуға, сондай-ақ электронды үкімет тәріздес онлайн-режимде өтініш-хабарламаны жіберген тұрғындарға уақытты үнемдеуге, ал депутаттарға көтерілген проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа мобилді қосымша арқылы депутаттар рейтингісі және олардың жұмыс тиімділігі деңгейін көруге болады.

Сондай-ақ конференция жұмысында «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыруда депутаттық корпустың рөлі туралы қоғамды ақпараттандыру, депутаттық корпустың жағымды имиджін қалыптастыру, белсенді жұмыс жасаушы депутаттардың қызметінің нәтижесі туралы қоғамды құлақтандыру, Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі депутаттардың өзара бірлескен іс-әрекеті мәселелері қарастырылды.
Конференция жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің V сайланымдағы депутаты Нұрлан Жазылбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің VI сайланымдағы депутаты Магеррам Магеррамов, Ресей Федерациясы Жастар қоғамдық палатасының қосымша төрағасы, Химки қ. (Мәскеу облысы) қалалық кеңес депутаты Роман Школин, Қазақстан Республикасы қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, «Электоралды мәдениетті дамыту қоры» ҚҚ Президенті Василий Климаков, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты.
