«Bilim – órkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мұрындық болған «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2020» республикалық байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері Елбасы кітапханасының музейінде қонақ болды. Мұғалімдер музейдегі түрлі экспозициялармен танысып, көрме залдарының мәні мен мазмұны ұлтымыздың тәуелсіздік тарихын зерттеу жолында таптырмас құнды материал екендігін атап өтті.
Экскурсия пролог-фильм көруден басталды. Видео-саяхатта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің пайда болу тарихы ұсынылған. «Жаһандық көшбасшы жолы» экспозициясында экскурсия жетекшілері мұғалімдерге Елбасының төрткүл әлемге танымал халықаралық бастамалары мен жобалары туралы айтып берді. Даңқ галереясында қонақтар Н.Ә. Назарбаевқа шет мемлекеттердің басшылары таққан мемлекеттік наградаларды егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік алды.
Айта кету керек, экспозициялардың интерактивтілігі білім саласының қызметкерлеріне үлкен әсер қалдырды. Мысалы, үлкен электронды кітап түрінде бейнеленген Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы» көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мұғалімдер кітапты цифрлы технологияның көмегімен «парақтап», стратегияны іске асырудың негізгі кезеңдерімен танысып шықты.
«Музей ақпаратын ұсынудың жасампаздығы көз қуантады. Коллекциялар бірегей экспонаттарға толы, олардың әрқайсысын егжей-тегжейлі зерделегім келеді. Әсіресе, балалық шақ пен Елбасы тұлғасының қалыптасу кезеңі бізді ерекше шабыттандырды. Көздеген мақсатқа қол жеткізіп, биік белестерді бағындырған Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті барлық қазақстандықтар үшін үлгі екендігі жасырын емес. Біз сабақтарымызда Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі мен тұрақты дамыған мемлекет қалыптастырудағы моделін тілге жиі тиек етеміз, – деп атап өтті «Қазақстанның жыл мұғалімі – 2020» байқауының жеңімпазы Шолпан Бегманова.
