ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҰЛТТЫҚ ВАЛЮТАСЫ – ТЕҢГЕНІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ

Ұлттық валюта – теңге күні қарсаңында Елбасы кітапханасының музейінде елордалық №62 және №55 мектеп оқушылары үшін «Теңге – тәуелсіздігіміздің нышаны» атты дәріс өтті.

2018 жылы Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы - теңгеге 25 жыл толады. Экономикалық өсімінің негізі ретінде дербес ақша бірлігінің енгізілуі кез-келген мемлекет тарихында аса маңызды рөл атқарады. 25 жыл – тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім. Алайда, қалыпты жағдайда бірнеше онжылдықта өтетін көптеген маңызды оқиғалар елімізде ширек ғасырға жуық уақыттың ішінде болып өтті.  

Дәріс тыңдаушылары түбірі VII–VIII ғасырдан бастау алатын Қазақстан аумағындағы ақша бірлігінің тарихы мен ақша белгісінің пайда болуына қатысты мәліметтерге қанықты. Баспа және редакциялық қызметтің жетекші сарапшысы Лилия Флёрко Қазақстанның күрделі жағдайда ұлттық валютасы - теңгені әзірлеп, енгізгені туралы әңгімеледі.

Қазақстан теңгесі әлемдегі ең қорғалған валюта болып саналады. Өйткені, оның 18 қорғаныс дәрежесі бар.

Оқушылар Қазақстан теңге сарайына қатысты бейнесюжетті тамашалап, тиындарды жасау үдерісімен танысты. Қазақстан теңге сарайы шығарған тиындардың сапасы түрлі көрмелер мен байқауларда жоғары бағаланып, мамандар мен коллекция жиюшылардың зор қызығушылығын танытады.  

Теңге тек қана тәуелсіздігіміздің экономикалық негізі және мемлекет егемендігінің айшықты нышаны емес, ол - өткеніміздің, қазіргіміздің және болашағымыздың маңызды бөлігі. Теңге тарихы – Қазақстанның тарихы. Сөзімізге дәлел ретінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың сөздерін келтірсек: «Ел тарихында теңге - ұлттық валюта ретінде тәуелсіздігіміздің экономикалық негізі ретінде ғана емес, сондай-ақ еліміздің салмақты бөлігі, заманымыздың құбылысы болды…».

Дәріс тақырыбы балалардың зор қызығушылығын тудырып, дәріскерді сұрақ астына алды. Оқушылар іс-шара туралы әсерлерімен қызыға бөлісті.

Ангелина Ротай, № 55 орта мектептің 7 сынып оқушысы:

– Дәрістің танымдық тұрғыда қызықты өткені соншалық, оның қалай тез өтіп кеткенін байқамай да қалдық. Мені әсіресе «теңге» сөзінің шығу тарихына қатысты мәлімет қызықтырды. Дәріскердің Қазақстан аумағындағы орта ғасырдағы тиындар тарихына қатысты әңгімесі де ұнады.

Тулуй Дугерсурен,  № 55 орта мектептің 7 сынып оқушысы:

– Қазақстан теңге сарайының тарихы, ақша өндірісінің технологиясы, теңге қорғанысының дәрежелері - мен үшін бұрын-соңды кездестірмеген жаңа, әрі танымдық ақпарат. Мені теңге туралы бейнематериалдар қатты қызықтырды. Бұл тақырып барлығымыз үшін қажет. Мен соншалықты пайдалы және өзекті ақпарат алғаныма қуаныштымын. Жоғары шеберлігі үшін дәріскерге алғысымды білдіргім келеді.