14 қарашада Ұлттық валюта күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Музейі ғимаратында «Қазақстанның ұлттық валютасы» семинары өтті. Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Еуразия гуманитарлық институты, Қазақ технология және бизнес университеті, «Тұран-Астана» университеті, «Қаржы академиясы» АҚ, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, «Астана» университеті сынды жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Семинар барысында қазіргі заманғы жаһандану тұрғысында Қазақстанның ұлттық валютасы дамуының өзекті мәселелері қаралды.
Семинарды ашқан Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері Ләйла Омарова:
– Теңге тарихы – Қазақстанның тарихымен сабақтас. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлттық валюта ретіндегі теңге, біздің еліміздің тарихында өзінің рөлін тәуелсіздіктің экономикалық негізі ретінде ғана атқарған жоқ. Кейбір жағынан алғанда теңге – бұл тарихымыздың өзінің толымды бір бөлігі, өз заманының нысаны...» деген сөздері дәлел болады.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Керімқұлов ақша-валюта жүйесінің ұлттық валютаға ықпалын бағалау саласындағы өз зерттеулерін ұсынды.
– Қазақстан теңгесі басқа нышандармен бірге егеменді мемлекеттің түпкі атрибуты болып табылады. Айналысқа енген сәттен бастап, еліміздің экономикалық және әлеуметтік өміріндегі сынақтардан табысты өтіп келеді. Ұлттық валютаны енгізу дербес ұлттық экономиканы қалыптастырудың негізі, республикада нарықтық қатынастарды құрудың маңызды құралы болып саналады, – деп қорытындылады ғалым.
Семинардың практикалық бөлігінде «Expert seven star» білім беру технологиялары орталығының директоры, «Организация бизнеса» авторлық әдістемесі бойынша сертификатталған тренер, экономика ғылымдарының магистрі Елена Шаяхметова «Валютные курсы и факторы, влияющие на их формирование» тренингін өткізді.
Пікірталас барысында экономика ғылымдарының кандидаты Жәмила Мизамбекованың ғылыми жетекшілігіндегі Қазақ технология және бизнес университетінің студенттері «Валютная система: становление, состояние и перспективы развития» тақырыбында өз жұмыстарын ұсынды.

Семинарға қатысушы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Фатима Агаева:
– Бүгін семинарға қатыса отырып, мемлекет егемендігінің белгісі болып табылатын валютамыздың құндылығы мен маңызын түсіндім. Әсіресе, жастар келешекте экономикалық үдерістерді жетілдіріп, қазақстандық теңгенің мәртебесін көтеруге өз үлестерін қосуы тиіс, – деді.
Елордамыздағы алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының оқытушылары Елбасы кітапханасының Қазақстанның жаңа тарихының негізгі аспектілерін зерттеуге және оқу орындарымен серіктестік байланысты дамытуға бағытталған жан-жақты жұмысын атап өтті.