Үстіміздегі жылдың 2 наурызында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен «Астана» медицина университетінің студенттеріне арналған «Қазақстанның ұлттық моделі: бірлік, келісім мен үнқатысу» дәрісі оқылды.
Дәріскер, Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Ботагөз Қайыпова:

– Ұлтаралық қатынастарды орнату тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ біздің мемлекетіміздің ішкі саясатының өзегіне айналды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылған этносаралық және ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісі тәуелсіз Қазақстанның даму сатысында өте тиімді екенін дәлелдеді. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңғыру үдерісінде маңызды орын алатынын жалғастыруда, – деді.
Сабақта Мемлекет басшысының ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлін айқындайтын Елбасы кітапханасы Музейінің бірегей жәдігерлері қолданылды.
Дәріс барысында студенттер бүгінгі таңдағы ұлыстар мен конфессиялардың үнқатысу мәселелері мен олардың алдағы жетістіктері жөнінде өз пікірлерін білдірді.
Білім беру бағдарламасының тыңдаушылары тақырыптың өзектілігі дәл бүгінгі жастарға арналғанын атап өтті.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті Аружан Дәрібай:

– Өте күрделі тақырып түсінікті тілде нақты мысалдармен дәлелденді. Президентіміздің бастамалары мен идеялары бірізділікпен және кезең-кезеңмен баяндалды. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыру идеясы біз қатарлы жастарға өте жақын. Себебі қазіргі бүкіл әлем бір ақпараттық кеңістікте отырған шақта елдер арасындағы шекараларды шартты деуге болады. Біздің университетімізде түрлі ұлт өкілдері ғана емес, әртүрлі мемлекеттерден келген студенттер білім алады. Біз қашанда басқа халықтар мен олардың мәдениетіне құрметпен қараймыз. Қазақстандықтардың осындай ұлттық ерекшелігі өзге елдерден келген қонақтарды әрдайым қызықтырады. ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу кезінде мен «Үздік тәжірибеші алаңы» павильонында жұмыс істедім. Біздің менеджерлер, Мәскеуден келген дизайнерлер «Қазақ тілін бізбен үйрен» жобасына белсене қатысып, көрменің соңында мемлекеттік тілімізді жетік меңгеріп алды.
«Астана» медицина университетінің студенті Данияр Әбдіқалықов:

– Дәрісте қазақстандық қоғамның дамуындағы – патриотизмді қалыптастыру, ұлтаралық келісім, саяси жаңғыру тәрізді ең өзекті мәселелер қарастырылды. Бұдан бөлек, күрделі қоғамдық мәселелерді шешудің түрлі тәсілдері көрсетілді. Бүгінгі дәрісте теория ғана емес, нақты деректер, сандар мен нәтижелер болды.
Дәрістен кейін Білім беру бағдарламасының тыңдаушыларына Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың Астана қаласындағы алғашқы Резиденциясының ғимараты бойынша шолу экскурсиясы жүргізілді. Экскурсия барысында студенттер тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы және дамуының маңызды кезеңдерімен танысты.