25 қыркүйекте Елбасы кітапханасында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясына кәсіби қайта даярлау курсына келген 76 тыңдаушыға «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбында семинар-тренинг өткізіліп, арнайы сертификаттар тапсырылды.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген құқық қорғау органдары қызметкерлеріне жүргізілген екі күндік семинар-тренингтің қорытынды марапаттау салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов Елбасы кітапханасының жүйелі жұмыстары мен мақсат-міндеттерін тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Сіздер Қазақстанның барлық облыстарынан келіп, осы орталықта ұйымдастырылған тағылымы мол семинар-тренингке қатыстыңыздар. Екі күн бойы біздің мекеменің ғалымдары мен ғылыми қызметкерлері сіздерге «Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» тақырыбын кеңінен насихаттап, білім көкжиектеріңізді кеңейте білді. Сіздердің жұмыстарыңыз басқаларға қарағанда ерекше. Сондықтан бұл семинар-тренингтен жиған мол тәжірибелеріңізді болашақта өз қызметтеріңізде жүзеге асырарсыздар деп ойлаймын. Сіздерге толағай табыс тілеймін,- деді Әмірхан Мұратбекұлы.

– Мен осы сәулеті ерекше Назарбаев орталығына алғаш рет келіп отырмын. Таңданысымды айтып тауыса алмаспын. Бұл мекеме де, мұндағы білімді қызметкерлер де қатты ұнады. Елбасы кітапханасы ұйымдастырған екі күндік семинар-тренингтен көп нәрсе түйдім. Мықты мамандардың дәрісін тыңдап, психологиялық жаттығулар мен тәжірибелік жұмыстарға белсене қатыстым. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бұрыннан білсем де бұл шарадан кейін ой-өрісім арта түскендей. Шынын айтса, маған осы екі күн аздық етті. Сол себепті алдағы уақытта семинар-тренингтің күнін тағы да ұзартса деген тілегім бар, - деп ой бөлісті Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы қоғамдық қорғау бөлімінің прокуроры Бекжан Ержанұлы.

– Екі күндік семинар барысында еліміздің озық отыз елдің қатарына кірудегі мемлекеттік саясатының стратегиялық бағыттарын меңгердік. Білімімізді арттырып, жақсы тәжірибе жинадық. Қазақстанның келешегін бағдарлап, болашағын болжайтын осындай семинарлар бізге, яғни жастарға тың идеяларды ойлап тауып, жаңаша жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Құқық қорғау органдарының өкілдері үшін бұл өте маңызды, - деді Маңғыстау облысы, Ақтау қалалық прокуратурасының бөлім прокуроры Мырзағали Үмітай.
«Рухани жаңғыру: болашаққа бастар жол» семинар-тренингі қатысушыларын Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов арнайы сертификаттармен марапаттап, «Біздің Президент» кітабын тарту етті. Шара соңында барлық қатысушылар естелікке суретке түсті.
