ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚЫЗЫҚТЫ ТАРИХЫ. ПЕДАГОГТЕРГЕ АРНАЛҒАН ШЕБЕРЛІК-СЫНЫП

29 қаңтарда Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық және білім беру жобалары қызметінің қызметкерлері елордалық мектеп мұғалімдеріне арналған «Елбасы және мәдениет мерейі» атты шеберлік-сынып өткізді. Іс-шара «Мен сені музейге апарамын» ашық есік күндері аясында өтті.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова қатысушыларды құттықтап, шеберлік-сынып қонақтарын таныстырды.

– Елбасы кітапханасы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен байланысты негізгі бағдарламалық құжаттарды басшылыққа ала отырып, сонымен қатар оларды оқу үдерістерімен тікелей байланыстырып, педагогикалық қоғамдастыққа жан-жақты көмек көрсетуге күш салады. Бұл іс-шараны жыл сайын Елбасы кітапханасы арнайы бағдарлама аясында өткізеді. Ондағы мақсат – қолда бар қор топтамаларын таныстырып қана қоймай, сонымен қатар патриотизмге, туған жердің мәдениетіне, салт-дәстүрлеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу, деп атап өтті ол.

Шеберлік-сынып барысында ғылыми қызметкерлер «Туған жер» бағдарламасы аясында тарихтан оқу курсын іске асыру үшін Елбасы кітапханасының музей кеңістігін пайдаланудың мүмкіндігі туралы баяндап, әдістемелік және мазмұнды ұсыныстар берді. Сондай-ақ педагогтермен «Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесі», «Батырлық институты: дәстүр, мәртебе және қаруландыру», «Елорда – Бейбітшілік қаласы», «Қазақстанның Олимпиада чемпиондары» музей сабақтарын өткізуде өз тәжірибелерімен бөлісті. Бұл сабақтар тарих пәнінің оқу бағдарламасына сай өткізіледі. Шеберлік-сынып аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар мен қатысушылар талқылау өткізіп, қорытынды жасады.

Семинардың барлық қатысушысына сертификаттар берілді. Педагогтер ұйымдастырушыларға ғылыми-әдістемелік және келелі кеңестері үшін алғыстарын білдірді.

Педагогтерге музейдің жаңа ғимараты бойынша экскурсия өткізілді.

– Бұл біздің алғашқы бірлескен іс-шарамыз емес. Міне, он жылдан бері мұғалімдер мұнда қосымша білім мен дағдылар алады, кейін сабақта қолданатын, оқушылардың білімге деген сүйіспеншілігін, білім беру үдерісіне деген қызығушылығын оятатын жаңа әдістермен танысады. Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимараты педагогтер үшін де, оқушылар үшін де үлкен қызығушылық тудырады, өйткені мұнда тәуелсіздігіміздің тарихы туралы баяндайтын бірегей контент шоғырланған, – деді Нұр-Сұлтан қаласы Білім басқармасының әдіскері Дайра Әмірғалиева.