Қазақстандық арманға жетелейтін жол терең білімнен басталады

«Әлемді өзгертетін идеялар» жобасы аясындағы ғылыми-білім беру семинар-тренингіне Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің белсенді студенттері және Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары мектептерінің 9-10 сыныбының үздік оқушылары қатысты. Талантты студенттер мен білім қуған оқушы жастарға арналған жоба 2016 жылдың 2-5 ақпаны аралығында Елбасы кітапханасында өтті.

Семинарға қатысқан жастар Ұлт жоспары - бес институционалдық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамын түсіндіруге арналған дәрістер курсын тыңдады.   

0U3A6582

Практикалық сабақтар тәуелсіз еліміздің қалыптасу кезеңдері, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың жасампаздық идеясы мен кемел саясаты, жаңа елорданың құрылысы, мемлекеттік рәміздер тарихы туралы мазмұнды мәтіндік, бейне және фотодеректік ақпараттармен жабдықталған «білім беру үстелдері» секілді жаңа технологияларды пайдаланумен инновациялық форматта жүрді.   

0U3A6976

Семинарға қатысушылар Кітапхананың ғылыми қызметкерлері – педагогика ғылымдарының кандидаты, ғылыми-білім беру бағдарламалары секторының жетекшісі Күнсұлу Исинова мен аға сарапшы Ақбота Хамитованың басшылығымен практикалық тапсырмаларды орындай отырып, ақпаратты жедел және сапалы талдау, командада жұмыс жасай білу, өз ойын нақты және тұжырымды жеткізу секілді білім мен дағдыларды меңгерді.  Практикалық сабақ барысында жастардың белсенділігі мен білімін бақылау нәтижесінде болашақ жас басқарушылар пулы да іріктеледі.         

Екікүндік семинар соңында Кітапхананың атқарушы директоры Б.Қ. Жұмабеков белсенді жастарды құттықтап, оларға сертификаттар табыс етті.   

Марапаттау рәсіміне қатысқан Қазақстан Республикасының Елтаңбасы мен Туының авторларының бірі – Жандарбек Әлібеков өз сөзінде Елбасы кітапханасының бастамасы ел болашағы – жастар үшін өте маңызды екенін атап өтті.  

0U3A6719

«Қазақстанның жастар Конгресі» ұйымының атқарушы директоры Айдын Сәбитов Елбасы кітапханасының қазақстандық жастар саясатын дамытуға қосқан қомақты үлесін айтып, Кітапханамен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасау ниетін білдірді.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов өз сөзінде:

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған жиында «Біз Ұлы Дала перзенттеріміз» деген атаумен баяндама жасады. Расында, біз Ұлы Дала перзентіміз. Сендер Мәңгілік Ел болашағысыңдар. Адамның рухани баюы үшін 4 қасиет қажет. Олар: тыңдау өнері, жазу өнері, сөйлеу өнері және оқу өнері. Міне, осы 4 өнерде меңгеру бүгінгі жастардың басты міндеті болуы тиіс. Ал, білімді болудың шарты – тілдерді білу. Мен «үштұғырлы тіл» саясатын құптаймын. Неғұрлым көп тілді үйренген азамат білімді, мәдениетті және нағыз патриот болары сөзсіз» - деді.  

0U3A7269