«ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПРЕЗИДЕНТТІК БИЛІК ДӘУІРЛЕР ТОҒЫСЫНДА» КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Бүгін «Назарбаев орталығы» ғимаратында еліміздегі президенттік институттың құрылған күніне арналған «Қазақстандағы президенттік билік дәуірлер тоғысында» көрмесі ашылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ұйымдастырып отырған көрме егемендік алғалы мемлекетіміздің қол жеткізген маңызды жетістіктерін ашуды көздейтін «Қазақстан жолы» ғылыми-экспозициялық жобасы аясында өтті.

1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің XII шақырылған бірінші сессиясында Қазақстан Компартиясы ОК бірінші хатшысы Н.Ә. Назарбаев Қазақстан тарихындағы бірінші Президент болып сайланды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасының егемендігі жолындағы алғашқы маңызды қадам болды.

«Аталмыш көрменің біз үшін ерекше екені рас. Себебі әлемді індет шарпығалы Назарбаев орталығында көрмені енді ашып, ғимарат қабырғасындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды өткізудің игі дәстүрін жаңғыртып отырмыз. Қалыптасқан уақытынан бастап президенттік институт өміршеңдігі мен ауқаттылығын дәлелдеп, саяси жүйенің өзегіне, қоғамды жаңғыртудың ұйытқысына айналды. Оған Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі зор. Президенттік институт бүгінде Қазақстан қоғамының өмірінде жетекші рөл атқарып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауында қоғамның барлық салаларын түбегейлі реформалау бойынша ауқымды жоспарларды атап өтті. Ол жариялаған «Жаңа Қазақстан» стратегиясы еліміздің табысты да тұрақты дамуының ұзақ мерзімді перспективасын ашады. Мұның бәрі бүгінгі көрмеден көрініс тапқан», - деді Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат.

Қазақстандағы президенттік институт қоғамның демократиялық жаңғыруының және мемлекет саясатының маңызды құрамдас бөлігіне айналып, халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда шетелдік әріптестермен сенім мен диалог орнатудың негізі ретінде мойындалып отыр.

«Бүгінгі көрмеге қойылған құжаттар мен суреттер, барлық деректер ұлтымыздың өз тағдырын өзі шешуге теңдік алу жолындағы маңызды сәттерді бейнелейді. Мұндай тарихи шешімдердің бастауында Елбасы Н.Назарбаевтың өзі тұрды. Көрме аясында ұсынылған отандық, шетелдік авторлардың зерттеген еңбектері де президенттік институт енгізілгеннен кейінгі елімізде атқарылған жұмыстардың бәрін айқын сипаттайды. Бүгінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңару үрдісін бастауы – табиғи құбылыс. Жаңару – өткенді жоққа шығару емес. Ол өткенді ескеріп, жаңа өзгерістерге икемдену арқылы ілгері дамып, өркендеуді білдіреді.- айты Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов.

Кітапхана жинағы мен Елбасының жеке архивінен алынған материалдар кешені екі тақырыптық бөлімге бөлінген:

I. «Президенттік институттың Қазақстандық моделі» бөлімінде Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің өзегі ретінде президенттік биліктің қалыптасу эволюциясы туралы баяндайтын тарихи материалдар кешені шоғырланған;

II. «Жаңа сын-қатерлер. Жаңа Қазақстан» бөлімінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың ішкі, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын іске асыру, жаңа геосаяси координаттар жүйесіндегі президенттік институттың қызмет ету тарихын дәйекті түрде көрсететін материалдар ұсынылады.