ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ КӨКТЕМГІ ЖАҢАРУ МЕРЕКЕСІ

Бүгін Елбасы кітапханасында Наурыз мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Наурыз – жалпы Орта Азия халықтарының бес мың жылдан бері аталып келе жатқан ең ежелгі мерекесі. Наурыз – табиғат түлеп, жаңа жыл, жаңа өмір басталатын көгілдір көктемнің мерекесі. Қазақ халқы Наурызды «Ұлыстың Ұлы күні» деп атайды. Көне салт-дәстүрлерімізге сәйкес Наурызды қаншалықты жомарт көңілмен қарсы алсаң, жаңа енген жыл соншалықты құт-берекелі, ырысты жыл болады деген сенім бар. Сол себептен де бұл күнді аса қадірлеп, әдет-ғұрыптарды жаңғыртып, молшылықпен өткізу дәстүрге айналған. Күн мен түн теңесетін мейрам қарсаңында мерекелік дастарқанды асқа толтырып, меймандарды қарсы алып, ұлттық ойындар ұйымдастырған.

Наурыз мейрамының тарихы жөнінде Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов айтып өтті:

– Наурыз мерекесінің тарихы тереңде жатыр. Тоталитарлық жүйенің ықпалымен Наурыз мейрамын тойлауға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бастап қайта жаңғырып, Наурыз мейрамын тойлау дәстүрі өз жалғасын тапты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаев 1991 жылғы 15 наурыздағы «Көктемгi халықтық мереке – Наурыз мейрамы туралы» Жарлығынан кейін Наурыз мерекесі мемлекеттік мереке ретінде жарияланды. Осы сәттен бері Наурыз мейрамы республика төңірегінде тойлана бастады.

Кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған мерекелік концерт бүгінгі күннің мерейін үстем етті.

Наурыз мейрамы – көктемгі жаңару мерекесі. Шығыс күнтізбесі бойынша Наурыз – жыл басы, күн мен түннің теңелетін уақыты. Бүгінгі таңда бұл мереке Қазақстанда тұратын көпұлтты халықтың ортақ мейрамына айналған. Көнеден қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды сақтаған Наурыз мейрамы қазіргі заманмен де үйлесім тапқан. Жер жүзі масатыдай құлпырып, әлемге шаттық пен қуаныш сыйлайтын, ізігіліктің нұры төгілген Наурыз мейрамы – барша қазақстандықтар үшін жарқын әрі ерекше мерекелердің бірі.