Үстіміздегі жылдың 30 қарашасында Жәңгір хан атандағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің және С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингінің екі күндік бағдарламасы бойынша оқуды тәмамдады.

Елбасы кітапханасының аға сарапшысы Күнзия Үмбетова семинарды қорытындылап өтті:
– Әрбір студент, әрбір тыңдаушылар легі оқу материалдарын өзінше қабылдайды. Астана мен Орал қалаларының студенттері аз уақыттың ішінде өзара танысып, достасып үлгерді, нағыз бірлік пен татулықтың үлгісін көрсетті. Тұсаукесерді әзірлеу барысында кішігірім топтармен жұмыс жасай отырып, олар өзара тізбектелген серіктестер тобын құрады. Бірыңғай тұжырымдаманы жасауда жас лидерлер айрықша тәсілдерін ұсынды. Студенттер топпен жұмыстың нәтижесіне риза болды.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті Мадина Құсайынова Елбасы кітапханасының дәріскерлеріне шынайы алғысын білдірді:
– Танымдық әрі мазмұнды дәрістері үшін оқытушыларға үлкен рахмет. Ең бастысы – осы екі күннің ішінде біз кішігірім отбасы тәрізді бірлігі жарасқан бір топқа айналдық. Алғашқы күннен-ақ бір-бірімізбен тез тіл табыстық. Тренингтер барысында өз ойымызды ортаға салдық, 10, 20 жылдан кейін елімізде не болатынын ойлап, армандауға еш жүрексінбейтінімізді көрсеттік. Шындығында, бүгінгі қолда барды біз бір кездері тіпті армандамаған да едік. Мен еліміздің болашағы біз секілді жастардың қолында екеніне кәміл сенемін. Осы семинардағы оқу материалдары өзімізді дамытуға, жақсы өмірге ұмтылуға ынталандырады.

Семинардан кейін екі күндік курс тыңдаушыларына сертификаттар табысталды.