Үстіміздегі жылдың 25 қазанында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша елордамыздың Еуразия гуманитарлық институтының колледжі мен Менеджмент және бизнес колледжінің 1–3 курс студенттері оқуды бастады.
Елбасы кітапханасының ғылыми білім беру бағдарламасын жетілдірудегі екі жылдық жұмыс тәжірибесі жастар арасындағы қазақстандық бірегейлікті дамыту және нығайтудың, азамат ретінде қоғам өміріне араласу деңгейін көтерудің маңызды тетігіне айналғанын көрсетеді.

Қатысушылар бірінші күні Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкерлері философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынтай Бердіғұлованың дәрістерін тыңдап, тәжірибелік жаттығулар мен тренингке қатысты. Оқу барысында тыңдаушылар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың қызметін көрсететін, Мемлекет басшысының жасампаз идеяларының, сан алуан тұжырымдамалық ойларының мән- мағынасын ашатын, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен табыстарын паш ететін интерактивті білім беру орталығымен танысты.
Студенттер Елбасы кітапханасында өткен бірінші күннің әсерімен бөлісті.
Еуразия гуманитарлық институты колледжінің студенті Ұлбикеш Ғаббасова:

– Бұл менің мұнда алғаш келуім. Елбасы кітапханасы тәрізді мекемеге келу және семинар-тренингке қатысу мені өте рухтандырды. Мен Қазақстан тарихынан бұрын-соңды естімеген көптеген беймәлім деректерді білдім. Дәріс пен тренинг түсінікті әрі тартымды өтті. Дәріскер, жаттықтырушылармен тағы да кездесеміз деген үміттеміз, бұдан әрі де Кітапхананың білім беру жобасына атсалысатын боламыз. Мен «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша оқимын және болашақта Елбасы кітапханасында жұмыс істеуді армандаймын.
Менеджмент және бизнес колледжінің студенті Әйгерім Есмағамбетова:

– Дәріс өте қызықты болды. Мен бұрын білмеген деректерге қанық болдым. Маған тренингте жаттықтырушының әр қатысушыға көңіл бөліп, ыңғайын тапқаны ұнады. Мұнда бізді қарым-қатынас жасауға, табысты болуға үйретеді және жоспарымызды жүзеге асыру жолдарын көрсетеді. Бізге мұның бәрі болашақта қажет деп ойлаймын.
Дәрістен кейін студенттерге Елбасы кітапханасының Музейі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне экскурсия ұйымдастырылды. Ертең студенттерді дәріс пен тренингтен басқа Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының сыртқы саясат бойынша сарапшысы Жұмабек Сарабековпен кездесу және сертификаттар тапсыру күтіп тұр.