Бүгін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» семинар-тренингтерінің жаңа оқу маусымы ашылды. Оның алғашқы тыңдаушылары ретінде Қазақ ұлттық аграрлық университеті (Алматы қ.) мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 46 шақты 2-4 курс студенттері болды.
Естеріңізге салсақ, «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» курсы бойынша оқыту жұмыстары 2017 жылдың ақпанынан бастап жүргізіледі. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жаһандық бастамалары мен тұжырымдамалық идеяларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бері өткізіліп келеді. 2,5 жылдың ішінде жоба 4629 адамды қамтып үлгерді. Олардың қатарында жоғарғы оқу орындарының мұғалімдері мен студенттері, мектеп ұстаздары мен оқушылары, мемлекеттік қызметкерлер, құқыққорғау органдарының өкілдері, әскери қызметкерлер бар.

Семинар-тренингтің алғашқы күнінде қатысушылар Кітапхана жетекші ғылыми қызметкерлері – философия ғылымдарының докторы, профессор Ғазиз Телебаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Сағынтай Бердагулованың дәрітерін тыңдады. Тренингтер мен практикалық сабақтарды Күнсұлу Исинова, Ақбота Хамитова, Күнзия Үмбетова іспетті Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің өзге қызметкерлері де өткізді.
– Жаңа оқу жылы бастала салысымен еліміздің студенттері үшін семинар-тренингтер өткізу жөніндегі біздің жұмысымыз да басталды. Оқу жылының соңына дейін Елбасы кітапханасында Қазақстанның барлық өңірлерінен келген оқу озаттары мен жоғарғы оқу орындарының белсенділері үшін екі топ бойынша апта сайынғы оқу курстары өтеді. Бүгін, алғашқы сабақтардың өзінде жастар оңды сұрақ қойып, пікірлерімен бөлісу арқылы білімдерін көрсете білді. Осы орайда олардың мемлекет саясатына қызығушылығы мен елжандылығын атап өткім келеді. Жастардың Президент саясатын қолдайтындары біз үшін үлкен қуаныш. Тренингтерді өткізіп жатып бүгін тыңдаушыларымыздың белсенді азаматтық позицияны ұстанатын, жаңа білім алу мен өз ісінің маманы болуға құштар жастар екенін байқадым. Мемлекетіміздің беделді азаматтары болғысы келетін бұл көшбасшылар еліміздің ертеңі алдындағы өз жауапкершіліктерін терең түсінеді, - деді Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші сарапшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Күнсұлу Серікқызы.

Оқу курстарының бірінші күні Елбасы кітапханасы мен Музейін, ҚР Ұлттық музейін аралаумен аяқталды. Курстың келесі күнінде тыңдаушылар «Экономикалық шама: индустрияландыру және жалпыға бірдей еңбек қоғамы», «Идеологиялық шама: жалпы ұлттық бірлік, тарихи тұтастық және биік руханият» тақырыптары бойынша дәріс тыңдап, топпен жобалық жұмыс жасауды үйренеді, «Қазақстан жолы» интерактивті ғылыми-білім беру орталығында өтетін практикалық жаттығулар орындайды.
Қорытынды шығарылғаннан кейін қатысушыларды марапаттау салтанаты өтеді. Оның барысында тыңдаушыларға «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» оқу курсын аяқтағаны жөнінде сертификаттар таратылады.