13 желтоқсанда генерал Н. С. Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінде Елбасы кітапханасының Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердіғұлова мен аға сарапшы Күнзия Үмбетова «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша әскери мектептің 25 педагог, психологтары мен тәрбиешілеріне сабақ өткізді.

20 желтоқсанда Астана қаласының Политехникалық колледжінің 35 студентіне осыған ұқсас семинар-тренинг өтті.

– Біз семинар-тренингтің оқытушылар мен оқушылар арасында ерекше қызығушылық тудырғанына қуаныштымыз. Әр семинарда қызу талқылаулар жасалып, көптеген сұрақтар қойылады, әртүрлі пікірлер айтылады. Соның әсерінен тыңдаушылардың Мемлекет басшысының идеялары мен бастамаларына ден қойып, зерттеуге деген ынталарының арта түскені байқалады, – деді Күнзия Ағымбайқызы.

Елбасы кітапханасының арнайы жасаған «Қазақстан жолы : Мәңгілік Ел» дәрістер мен тренингтер курсының мақсаты – жоғары деңгейлі кәсіби және ұлттық болмыстағы, отансүйгіш, тарихи және әлеуметтік саналы, мемлекетіміздің тұрақтылығын, тәуелсіздігін, қауіпсіздігін сақтауда белсенді әрі табанды әрекеттерге дайын, басқа мәдениет өкілдерімен үнқатысуға қабілетті ұрпақ тәрбиелеу.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тұжырымдамалық идеялары мен жаһандық бастамаларын зерттеуге бағытталған семинар-тренингтер Елбасы кітапханасында 2015 жылдың қазанынан бастап қалың жұртшылыққа кеңінен өткізіліп жүр. «Қазақстан жолы: Мәңгілік Ел» бағдарламасы бойынша жоғары сынып оқушылары, студенттер, жастар ұйымының мүшелері, мектеп мұғалімдері, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, құқық қорғау органдарының өкілдері мен әскерилер оқу курсынан өтті.
