«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» көрмесі ашылды

Елбасы кітапханасының Музейі ғимаратында Қазақстанның БҰҰ-ға кіруінің 25 жылдығына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметінің басталуына арналған «Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесінің ашылуы өтті.

1992 жылғы 2 наурыз күні Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше атанып, бұл еліміздің тарихындағы ерекше күнге айналды. Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның 168-ші мүшесі болып қабылданғаны туралы 46/224 қарары БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-шы сессиясының пленарлық отырысында бірауыздан мақұлданды. Отырыстан кейін ұйымның штаб-пәтері алдында Қазақстанның туын көтеру салтанатты рәсімі өтті.

Қазақстанның өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға сіңірген еңбегі мен беделі әлемдік деңгейде мойындалып, еліміз 2017–2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайланды.

«Тәуелсіз Қазақстан әлемдік қауымдастықтың белсенді әрі жауапты қатысушысына айналды. Оған Қазақстанның БҰҰ мүшелігіне кіруі үлкен септігін тигізгені даусыз.  Бүгінде еліміз 25 жыл бойы беделді әрі әмбебап ұйымның мүшесі болып табылады. Мемлекетіміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы халықаралық қауымдастықтың Қазақстан Республикасына және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітсүйгіш сыртқы және ішкі саясатына деген үлкен құрметін дәлелдеп отыр», – деді көрменің ашылуы барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атқарушы директоры Бейсембай Жұмабеков.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өз сөзінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі қызметіне басты назар аударып, еліміздің БҰҰ секілді өте маңызды жаһандық саяси ұйымның құрамына Орта Азия елдерінің ішінде алғашқы болып таңдалуына ерекше тоқталды.

«Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Мемлекет басшысының саяси үндеуінде көрсетілген басымдықтарға ие. Бірінші кезекте бұл сыртқы саяси қызметтегі дәстүрлі бағыттар: ядролық қарудан, шиеленістерді шешуде күш қолданудан бас тарту, ықпалдастықты нығайту, өркениет пен діннің үнқатысуын қолдау, лаңкестікке қарсы іс-қимыл», – деді Ержан Ашықбаев.

ҚР бірінші сыртқы істер министрі, Дипломатия институтының директоры, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Төлеутай Сүлейменов өзінің сөзінде: «Халықаралық қауымдастықтың тең құқылы мүшесі атану үшін БҰҰ-ның қатарына кіру қажет. БҰҰ – беделді халықаралық ұйым. Бейбітшілік, қауіпсіздік, ынтымақтастық, қарусыздану – тәуелсіздіктің таңы атқан тұста өзіміз үшін таңдаған басты жол болды», – деді.

«Қазақстан дүниежүзінде өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан мемлекет ретінде үлкен абыройға ие болды. БҰҰ-ның арнайы шешімімен 29 тамыз ядролық қаруға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жарияланды», – деді Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның аймақтық үйлестірушісі  Деян Кесерович сөйлеген сөзінде.

Қазақстан БҰҰ-ның 25 жылдың ішінде ядролық қаруды таратпау бастамасын белсенді түрде насихаттау арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосты.

Көрменің ашылу салтанатына ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР СІМ өкілдері, Қазақстанда тіркелген елшіліктердің өкілдері, белгілі ғылым және өнер қайраткерлері қатысты.

«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесінің материалдарын Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамындағы Қазақстанның сындарлы және жемісті қызметінің 25 жылдық тарихын бейнелейтін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен дипломатиялық сыйлықтар құрайды.

«Қазақстан және БҰҰ: бейбітшілік үшін әріптестік» көрмесі 2017 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.