14 қарашада Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме аясында «Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Конференцияның алдында ҚазҰАУ-дағы «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеу орталығының жанындағы Елбасы кітапханасы орталығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА вице-президенті, академик Тілектес Есполов, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов ашылу салтанатының нышандық лентасын кесіп, «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» жобасының өскелең ұрпақтың мәдени және рухани тәрбиесінде маңызды рөл атқаратындығы туралы ойларымен бөлісті. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының басшылығы университеттің жаңа кітапханасына Мемлекет басшысы туралы 500 кітапты сыйға тартты. Жаңа кітапхана қорында Президент туралы ең таңдаулы 1500-ге жуық кітап бар.
«Рухани жаңғыру: жастар көзқарасы» конференциясы Елбасы кітапханасы жобасының аясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын ілгерілету және насихаттау, халықтың мәдени кодын сақтау мен қазақстандық жас ұрпақтың санасын қалыптастыруда студент жастардың рөлін зерттеу мақсатымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға ғалымдар, студенттер, магистранттар, Алматы қаласының және шетелдік жоғары оқу орындарының докторлары қатысып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды негізгі бағыттары ретінде қарастыратын баяндамалар жасады.

– Президенттің стратегиялық мәні бар «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің жарқын болашағын құруға бағытталған. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі 25 жылдан астам уақыт өтті. Тәуелсіз Қазақстанда туған алғашқы ұрпақ ер жетіп, ел болашағын қолына алып, дамудың жаңа деңгейіне көтеруге дайын. Бағдарламаның мақсаты бүкіл Қазақстан халқына арналғанымен, оның басты пайымы мемлекеттің болашағы – жастарды ынталандыруға бағытталған. Мақалада кездесетін «Бәсекеге қабілеттілік», «білім», «ғылым», «бірлік», «ұлттық код» сынды ұғымдар қазақстандық жастар санасының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс, – деді шараның ашылуында конференцияның модераторы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов.

– Қазіргі заманғы жаңа дәуірде қоғам жаңарып, өзгеріске ұшырағанда, өмірдің барлық салаларына жаңа мақсат, жаңа көзқарастар талап етіледі. Өмір үшін күресте өзінің ұлттық коды мен дәртүрлі құндылықтарын сақтай білген бәсекеге қабілетті және қайраткер халық қана жеңіске жететінін тәжірибелер көрсетті. Елбасымыз экономикалық жетістіктер мен әлемдік қауымдастықта биік белестерді бағындыру үшін рухани сананы жаңғырту қажет екенін ерекше атап өтеді. Елбасының әрбір идеялары, жолдаулары халқының жүрегінен орын алып, жаңа жетістіктерге жетелейді. Біз, оқытушылар, Мемлекет басшысының мақаласында көрсетілген міндеттерге сүйене отырып, бізге жүктелген барлық жауапкершіліктің маңыздылығын түсініп, өскелең ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне аса мән беруіміз керек. Себебі тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы отансүйгіш, жоғары білімді, жан-жақты дамыған, ізгілікті, өз ісінің жоғары кәсіби маманы болуға қабілетті жастарға байланысты, – деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Тілектес Есполов «Рухани сананың жаңғыруы және бәсекеге қабілетті жастар» баяндамасында.
Каталония халықаралық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Кристиан Ламберти «Білім қоғамы және мектеп пен университетті жаңғырту: мәселені сәтті шешудегі қоғамның міндеті» тақырыбында баяндама жасады:
– Қазір өндірістік қоғамда жаңа дәуір басталғалы «деиндустриализация», «постиндустриалды қоғам», «ақпарат қоғамы» түсініктері пайда болды. Сондықтан қазіргі уақытта кейбіреулер «білім қоғамы» атап жүрген терминді 1980 жылы Петр Друкэр енгізген. Білім қоғамы дегеніміз – қазіргі қоғамда Білім алудың қарқынды әрі жылдам ілгерілеуіне қарай қаржы, жер, техника, жұмыс тәрізді дәстүрлі факторлардың экономикалық мәнінің төмендеуі. Үкімет пен қоғам елдің құндылықтары жер асты байлығы, өнеркәсібі, туризм және тағы басқаларымен өлшенбейтінін жақсы түсінгендері жөн. Мемлекеттің байлығы азаматтарының білімімен және сол білімдерін адамзат дамуы мен қоғамға қызмет етуге қабілеттілігімен өлшенеді, – деп пайымдады шетелдік ғалым.

Жас кәсіпкер, «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша 1-курс магистранты, «FlyWorx» компаниясының директоры Диана Душниязованың «Студент жастар елдің рухани жаңғыруының инновациялық әлеуеті ретінде» тақырыбында жасаған баяндамасы конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды:
– «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – Елбасының Қазақстан дамуының болашағын алыстан болжап, басқалардан бірнеше қадам алда жүретіндігіне жарқын мысал. Президентіміздің бірегей бастамасындағы жаңа белестер болашақта бәсекеге қабілетті жаңа буынмен қамтамасыз ететініне кәміл сенемін. Мемлекет басшысының әрбір қазақстандықты тамыр-таныстық, жалқаулық секілді жаман қылықтардан бас тартып, мықты бәсеке күресінде жетіле түсуге, тек қана алға ұмтылуға және халықтың жақсы дәстүрін қолдануға шақырған үндеуі аса маңызды деп санаймын. Шындығында, адамзат күшін және ең алдымен дамудың инновациялық әлеуеті – жастарды тиімді пайдалана білетін мемлекет пен қоғамның стратегиясы басым екені сөзсіз, – дейді Диана.

Хайнань тропикалық мұхиттану институтының 3-курс студенті Ли Сюе Хуа «Сананың жаңғыруына менің көзқарасым: Біз – қолдаймыз!» баяндамасында аталған тақырыптың технологиялық қырына мән берді:
– Қазақстан бүгінде еліне өз мүмкіндіктерін іске асыруға барлық жағдайды жасауда. Мұның барлығы техниканың қарқынды дамуының арқасында болып жатыр. Ал техника жаңалығы – жаңғырудың өзегі. Сондықтан сананың жаңғыруына менің көзқарасым: Мен – қолдаймын!
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде орыс тілін оқып жүрген Хайнань тропикалық мұхиттану институтының студенті Чэнь Цзиньлин оңтүстік астана тұрғындарының қонақжайлылығы мен достық ықыластары туралы әсерімен бөлісті:

– Мен мұнда осы елдің тұрмыс-тіршілігімен таныстым, өзімді қызықтырған көп жайға қанықтым. Бұл өте қызықты! Қазақстан – үлкен мүмкіндіктер мен жетістіктер елі. Мені Қытай мен Қазақстан арасындағы тату көршілік пен шынайы достық қатынас қатты қуантады!
Конференция қатысушылары пікір алмасқаннан кейін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда мемлекеттік органдар, білім беру, мәдениет мекемелері, жастар бірлестігі арасында әріптестік байланыс орнатуға нақты ұсыныстар жасады.