Елбасы кітапханасының «Қазақстан жолы: сыртқы саясат» ақпараттық жобасы аясында Қазақстанның өзге елдермен дипломатиялық қарым-қатынастарының тарихына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық идеялары мен бастамаларына арналған «Қазақстан –Түркия: бауырластық пен достықтың символы» тақырыбындағы мақаланы назарларыңызға ұсынамыз.
1991 жылғы 16 желтоқсанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойғаннан кейін Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін мойындаған әлемдегі бірінші ел Түркия Республикасы болды. Бұл жас қазақ мемлекеті үшін Түркия тарапынан көрсетілген моральдық қолдау ғана емес, бауырластық пен достықтың символы іспеттес.
1992 жылғы 21 сәуірде Түркияның Қазақстандағы бірінші елшісі Аргун Озпай Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім грамоталарын тапсырды. Түркия Қазақстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан алғашқы ел. Сондай-ақ Түркияның дипломатиялық миссиясы тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы шетелдік өкілдік болды.
Содан бері Анкарамен жан-жақты және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының басым бағыттарының біріне айналды. Бүгінде Қазақстан мен Түркия саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, әскери және басқа да салаларда белсенді қарым-қатынас орнатқан.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың беделі мен тұлғасы қазақ – түрік арасындағы достық әрі стратегиялық әріптестік байланысты дамытуда ерекше рөл атқарды. Екі ел арасындағы экономикадан бастап саясатқа дейінгі барлық салаларда нәтижелі әрі серпінді ынтымақтастықты дамыту жоғары деңгейдегі қуатты қолдауға негізделген.
Қазақстан мен Түркия тиімді ынтымақтастық орнатты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы мен Түркия Республикасының басшылары түрлі халықаралық іс-шаралар мен саммиттер барысында да, өзара сапарлар аясында да жиі кездесіп тұрды. Қазақ-түрік мемлекетаралық байланыстарының даму тарихы мемлекеттер басшыларының бір-бірінің халықаралық аренадағы бастамаларын қолдайтынын және жалпы түркі интеграциясын тереңдету үшін бірлескен күш салатынын көрсетті.
Қазақстан мен Түркия екіжақты мемлекетаралық қатынастардың негіздерін қалыптастырудан нақты стратегиялық әріптестікке дейінгі жолдан өтті. Іс жүзінде еуразиялық кеңістіктегі қарым-қатынас трансформациясында екі ел шешуші рөл атқарады, мұны қазақстан-түрік ынтымақтастығының жемісті әрі бірізділігі айғақтайды.
Мемлекет басшыларының өзара сапарлары экономикалық, саяси, этномәдени қатынастардың аясын кеңейтіп, нығайтты. Олар ең жоғары деңгейдегі саяси диалог және өзара сенімге негізделген мемлекетаралық қатынастардың биік дәрежесіне жетудің ең дұрыс көрсеткішіне және елдер мен халықтар арасындағы мәдени-тарихи бірліктің, берік достықтың, бауырластықтың айғағына айналды.
Толығырақ сілтеме бойынша танысуға болады:

