«ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ» ЖУРНАЛИСТЕРГЕ АРНАЛҒАН БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫН МАРАПАТТАУ САЛТАНАТЫ

7 желтоқсанда Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай жыл сайын ұйымдастырылатын баспа, электрондық және бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің арасындағы «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» ашық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқаудың ұйымдастырушылары – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Кітапханасы және Қоры.

Байқаудың мақсаты – қазақстандық мемлекеттіліктің негізі ретіндегі «Назарбаев моделін», Елбасының идеялары мен бастамаларын насихаттау, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін жария ету.

Марапаттау салтанатын ашқан Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков өзінің алғы сөзінде байқау жеңімпаздарына:

– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстан тәуелсіздігі және Елбасы» байқауы екінші мәрте өтіп жатыр. Биылғы жылы келіп түскен жұмыстың жалпы саны – 447, тіркелгені – 364 жұмыс. Байқау жұмыстарының көпшілігі жоғары кәсібилігімен, өзекті мазмұнымен және бірегей стилімен ерекшеленеді, – деді.

2016 жылмен салыстырғанда биылғы жылдың байқау статистикасы көрсеткендей, ұсынылған жұмыс санының артып, оның жылдан жылға танымал болғаны байқалады. Номинация бойынша қарастырсақ, «Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым» – 117, «Үздік телевизиялық материал» – 81, «Үздік радиоматериал» – 23 жұмыс ұсынылған. Ең көп байқау жұмысы «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» номинациясы бойынша 149 мақала қарастырылды. Осында отырған өз ісінің шебері – кәсіби мамандарға Елбасы кітапханасы мен қоры ұйымдастырған байқауға белсенді қатысқандары үшін алғысымды білдіремін.

Сондай-ақ марапаттау салтанатына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директоры, Комиссия төрағасының орынбасары Қанат Жұмабаев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Артур Платонов, «Қазақстан Республикасы Президентінің телерадио кешені» ұлттық акционерлік қоғамының бас директоры, Бас редакторлар клубының президенті Ерлан Бекхожин, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрайымы Алмагүл Ахметжанова қатысты.

Байқау төрт номинация бойынша жүргізілді. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал журналистерінен құралған комиссия мүшелері байқауды қорытындылады.

Кәсіби қазылар алқасы келесі жеңімпаздарды анықтады:

«Үздік телевизиялық материал» номинация бойынша: 1 орын – Айгүл Әділова (Астана, «Хабар» агенттігі), 2 орын – Денис Сивков, Жансұлу Тастемірова, Сахиб Велиев (Петропавл, «СҚО әкімдігінің муниципалдық телерадио арнасы»), 3 орын – Қуаныш Смағұлов (Семей, «Қазақстан-Семей» РТРК» АҚ).

«Үздік радиоматериал» номинация бойынша: 1 орын – Ақбота Ахметова (Ақмола облысы, Зеренді ауылы, «Астана» радиосы), 2 орын – Ольга Асхожина (Астана, «Астана» радиосы), 3 орын – Мөлдір Жанбаева (Алматы, «Қазақ радиосы»).

«Газеттер мен журналдардағы үздік мақала» номинация бойынша: 1 орын – Владимир Курятов (Астана, «Казахстанская правда» РГ), 2 орын – Айхан Шәріпов (Астана, «Айқын» газеті), 3 орын – Марина Пушкарева (Көкшетау, «Степной маяк» газеті).

«Ғаламтор-БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинация бойынша: 1 орын – Аян Әбдуәли (Астана, «Егемен Қазақстан» рес публикалық газетінің интернет-редакциясы), 2 орын – Игорь Мосунов (Астана, «Informburo.Kz» ақпараттық агенттігі), 3 орын – Индира Кауметова (Астана, «BNews.kz» ақпараттық агенттігі).

«Казахстанская правда» газетінің тілшісі Владимир Курятов байқау ұйымдастырушыларына шынайы алғысын білдірді:

– Кез келген байқау – шығармашыл, ізденуші, бастамашыл адамға үлкен жігер береді. Бірақ біз марапат үшін қызмет етпейміз. Шығармашылық сайысқа қатысу негізгі мақсат емес, ауыр еңбектің нәтижесі дер едім. Күнделікті газет жұмысында сапалы әрі уақытылы жасауды ғана ойлайсың. Осы сәтте тек оқырмандарымыздың қамын ойлап, халықтың ризашылығына бөленсек дейміз.

«Хабар» агенттігі» акционерлік қоғамының тілшісі Айгүл Әділова:

– Бұл өте жақсы байқау болды. Тек журналистерге ғана емес, біздің көрермендерге де қажет. Біз Мемлекет басшысының бастамалары мен реформаларын халыққа жеткізетін ақпарат жаршыларымыз. Идеяларды қалай жеткізетініміз – халықтың бізге деген сеніміне байланысты. Мұндай байқаулар біз секілді жастарды шыңдайды, ынталандырады және халық алдындағы жауапкершілігімізді арттырып, журналист мамандығының мәнін ерекшелендіреді.

Петропавл қаласының «СҚО әкімдігінің муниципалдық телерадио арнасының» тілшісі Денис Сивков:

– Байқау туралы білген біздің телеарнаның көптеген журналистері қолымыздан келе ме деп сенімсіздік танытқан. Алайда олардың арасынан біз сияқты алған бетінен қайтпайтындар да табылды. Жаңалықтар қызметінің тілшілері үшін кәсіби біліктіліктерін көтеруге таптырмас мүмкіндік болды. Сценарий жазып, айтқымыз келген орынды таңдап, түсіруге кірістік. Ең қызығы тек құлшыныспен жұмыс істедік. Бізде қаржы да, арнайы техника да болмады. Жұмыс нәтижесінің тұсаукесерін редакторымызға көрсеттік. Бейнематериал «СҚО МТРК» телеарнасының эфиріне шықты. Бұл – біздің бірінші жобамыз. Жүлделі болғанымызға шынайы ризамыз.

Байқаудың әр номинациясы бойынша жеңімпаздарға 1 миллион теңге, ал екінші, үшінші орындарға 500 мың мен 200 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар жеңімпаздарға дипломдар және омырау белгілері тапсырылды.

 

Байқауға кәсіби журналистер жеке-дара және ұжымдық негізде қатысты.