Қадірлі отандастар!
Қазақстан Республикасының ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
27 жылдың ішінде республикамыз тағылымы зор тарихи жолды өткерді. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары түрлі қиындық пен күрделі сындар бізді шынықтырды. Елбасымыздың көреген саясатының арқасында біз өзіміздің кемел келешегіміздің негізін нық қаладық.
Қазірде Қазақстан жетістіктеріне әлем тамсанады. Ұлы дала елінің халқы бүгінде түрлі ұлт пен діндердің бірлігі мығым ортасына айналды.
Тәуелсіздік жылдары барысында Қазақстанда демократиялық құндылықтар мен азаматтық қоғам орнатуды көздеген ауқымды жұмыс жүрді. Тек 2018 жылдың өзінде Президент Жолдауын жүзеге асырумен орайлас келген көптеген оқиғаның куәгері болдық.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының заңды жалғасындай болған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қоғамға кеңінен қозғау салып, еліміздің әр қиырында талқыланып, қазірдің өзінде тарихи құжат деген бағасын алып отыр. Мақаладан рухтанған халқымыз биік белестер мен асу-шыңдарды бағындыруға белді бекем буып отыр.
Бақытты елміз. Өйткені, әрбір ел үшін тәуелсіздіктен артық құндылық жоқ. Сонысымен де бұл мереке әрқайсымыз үшін аса қымбат. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Бүгінде әр қазақстандық бұл мерекені өзінің жеке мерекесі мен табысы ретінде атап өте алады».
Баршаңызға өсу-өрлеу, отбасыңызға бақ-береке, ырыс-ынтымақ тілейміз !
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ұжымы