ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ ОРАЙ «ПРЕЗИДЕНТ СЫЙЛЫҚТАРЫ» ЭКСПОЗИЦИЯСЫ ЖАҢАРТЫЛДЫ

2017 жылдың 22 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Назарбаев орталығы» ғимаратында «Президент сыйлықтары» экспозициясы жаңартылды.

Көрмеге зор құрметтің белгісі ретінде Елбасына шетелдік мемлекет және үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдар мен қорлардан, әлемнің жетекші компаниялары мен корпорацияларынан тарту етілген сыйлықтар топтамасы қойылған.

Экспозициядағы әрбір жәдігер бірегей әрі қайталанбайды. Олардың арасында әлемге әйгілі қытай, түрік, үнді және еуропалық шеберлердің көркем вазалары, фарфордан жасалынған сәндік табақтар мен мүсіндер, Қытай және Өзбекстан делегацияларынан тарту етілген шығыс халқының ыдыстары, коллекциялық монеталар мен маркалардың жинақтары, бағалы металдар мен бағалы тастардан жасалынған мүсіндік композициялар, көркем қоладан құю техникасында орындалған мүсіндер және т.б. жәдігерлер ерекше көз тартады.

Сондай-ақ, екінші қабаттағы «Президент сыйлықтары» аймағында жауынгерлік қару-жарақ топтамасы жаңартылды. Қосымша бес витринада орналасқан қару-жарақтың түрлері экспозицияны толықтырып, тұтас бір дүниені ұсынады.

Жаңартылған экспозицияда түрлі кезеңдердегі шабуылдаушы және қорғаныс қару түрлерінен, қару-жарақ пен сауыт-сайманның ұлттық түрлерінен, әлем халықтарының ату және суық қару түрлерінен тұратын барлығы отыздан астам қару-жарақ атауын ажыратуға болады.

Экспозицияда келушілерге әртүрлі халықтардың мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін 110-нан астам бірегей жәдігерлер қойылған.