ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ КҮНІНЕ АРНАЛАДЫ. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТТІҢ ҚЫЗМЕТШІЛЕРІНЕ КӨШПЕЛІ ДӘРІС ОҚЫЛДЫ

Үстіміздегі жылдың 22 қарашасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің аппаратында Елбасы кітапханасының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Сағынтай Бердағұлова дәріс оқыды.

Дәріскер Мемлекет басшысының қазақстандық мемлекеттілікті құрудағы теңдессіз тарихи рөліне, Қазақстан қоғамының тұрақты дамуын қамтамасыз етудегі Орта Азия мен ТМД аймағында Қазақстанды алдыңғы қатарға шығарған көрегендік саясатына, әлем таныған биік беделіне тоқталды.

Астананың 20 жылдығына дайындық еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып табылады. Осы жылдар ішінде Астана Қазақстанның жарқын болашағына жаңа идеялар енгізу мен жаңарудың нышаны болды, оның жетістіктері – барша Қазақстан халықтарының ерен еңбегінің нәтижесі.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көрсетілгеніндей Қазақстанның жаңа құндылықтардың қалыптасуы мен жаңаруына ұмтылысы – бәсекеге қабілеттілігін дамыту ұстанымдарының негізі, – деп ғалым дәрісін аяқтады.

Кездесу барысында қатысушыларға мұрағаттық фотолар мен бейнематериалдар көрсетілді.

Шараны қорытындылай келе, Сағынтай Кеңесқызы көпжылдық жемісті әріптестікті ризашылықпен атап өтті:

– Біздің Қазақстан Республикасының ІІМ ТЖК қызметкерлеріне арнап дәріс оқуымыз бірінші жыл емес. Бүгінгі дәрісіме Комитеттің лауазымды, шенді қызметкерлерінің толық құрамы қатысты. Белгілі бір мәліметтердің тыңдаушыларға таныс екені белгілі, алайда дәрістің басты көздегені – тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның негізгі жетістіктерін, одан әрі даму келешегін жүйелеп беру. Бар әлемде және Қазақстан өңірлерінде қиын төтенше жағдайларда адам өміріне төнген қауіптерді сейілтіп, гуманитарлық көмек көрсететін жандарға дәріс оқу мен үшін зор мәртебе. Комитет қызметкерлері маңызды міндет атқарып, тәуелсіз Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосып келеді.