«ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ СТРАТЕГИЯСЫ – ӨҢІРЛІК ДАМУДЫҢ ДРАЙВЕРІ»

2018 жылғы 16 қарашада Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жоғарыда аталған тақырыппен  халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның мақсаты тек қана Қазақстан өңірлерін дамыту бойынша Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Стратегиясының маңыздылығын көрсету ғана емес сондай-ақ шетелдік және отандық сарапшылар қауымдастығының пікірлерін талқылау барысында табысты өңірлік даму факторы ретінде Батыс Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік-саяси, рухани-мәдени әлеуетінің дамуы туралы білімді кеңейту болды.

- Ақтөбе - экономикалық потенциалы мол, жер қойнауы өте бай, республикалық бюджетке қомақты кіріс түсіретін донор өңірлердің қатарында. Ақтөбе жерінің қойнауында еліміздегі барланған мұнай қорының 10 пайызы, болжанған көмірсутек шикізатының 30 пайызы бар болса, Қазақстан хромының 100 пайызы да осында. Еліміздегі никельдің 55 пайызы, титанның 40 пайызы, фосфориттердің 34 пайызы Ақтөбе жерінде. Сонымен қатар, ел тәуелсіздігінің жеті қазынасының бірі ретінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткен индустриялық-инновациялық экономика аясында Ақтөбе облысында қуатты өндіріс өркендеп келеді, осы заманғы технологиялық-инновациялық орталықтар шоғырланып, шетелдік, әлемге әйгілі компаниялар жұмыс істейді. Экономикаға жыл сайын мол көлемде инвестиция салынып, жоғары сапалы экспорттық өнім беретін кәсіпорындар саны артып, қарқынды дамуға көшті.Өңірдің жоғарыда аталған бай әлеуеті мен жетістіктері бүгінгі конференциямыздың тақырыбының «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –  Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Стратегиясы – өңірлік дамудың драйвері» аталуына және өңірлік дамудың үлгісін көрсетіп келе жатқан облыстың орталығы - Ақтөбеде өтуіне арқау болғанын өте маңызды және көпқырлы десек артық айтпаған болармыз. Сонымен қатар, бүгінгі бас қосуымыз - тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел тарихының 30 жылға жуық айтулы кезеңінде сан түрлі сынақ пен маңызды шешімдерге толы  қайраткерлік қадамын, көреген саясаты мен дегдар болмысын жан-жақты ашуға бағытталған десем қателеспеспіз, - деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов конференцияның ашылуында сөйлеген сөзінде.  

Сонымен қатар, конференция қатысушыларына Ақтөбе облысының әкімі, экономика ғылымдарының докторы Бердібек Сапарбаев та құттықтау сөзін арнады:

– Біздер үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өңірді дамытудағы еңбегі туралы конференцияның Ақтөбеде өтуі үлкен мәртебе. Елбасы кітапханасының басшылығына халықаралық конференцияны ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан үшін жасаған еңбегін халқымыз жақсы біледі. Біздің ойымызша ең негізгі, болашақ ұрпаққа қалатын үш еңбегі бар. Біріншісі – тәуелсіз мемлекет, екіншісі – бекемделген шекара, үшіншісі – жаңа Астана. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатының арқасында Қазақстан экономикасы 27 жылда жиырма есеге дейін дамыды. Оның негізгі себебі – елімізге шетелдік инвестицияның көп тартылғандығы. Соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 200 миллиард доллардан астам инвестиция құйылды. Осының нәтижесінде халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарды. Оның бір дәлелі – қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы көрсеткішінің артуы. Қазірде аталған көрсеткіш 73 жасты құрайды. Білгір саясаткер ретінде Елбасымыз тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның дамуы өңірлерге байланысты екенін, еліміздің негізгі халқы өңірлерде тұратынын ескере өңірлердің дамуына көңіл болып келеді. Сондай өңірлердің бірі – Ақтөбе облысы. Елбасының қолдауымен осы 27 жыл ішінде облыс экономикасы 100 есе дамыды. Облыстағы өндірістердің шығаратын өнімдерінің көлемі 14 триллион теңгеге жетті. Осы жылдың 10 айы ішінде өңірімізде 1 триллион 400 миллиардтың өнімі шығарылды, ал жыл соңына дейін осы көрсеткішті ең кем дегенде 2 триллионға жеткіземіз деп жоспарлаудамыз. Сондай-ақ, 10 айдың ішінде экономикамызға 500 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Өткен 27 жыл ішінде 14 миллион шаршы метр тұрғын үй берілді, екі жылдың ішінде 600 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырдық, ендігі жоспарымыз – 900 мың шаршы метрге жеткізу. Аталған жетістіктердің басты себебі – Елбасы қолдауының, Президентіміздің тапсырмасымен қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесі деп есептеймін, - деді ол өз сөзінде.

- Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Кітапханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» тақырыбындағы көшпелі көрме жобасы бойынша республикамыздың түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан тағылымы мол шаралар еліміздің саяси-мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналып отыр. Бүгін біз сіздермен аталмыш жоба аясында Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті төрінде өтіп жатқан «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы – өңірлік даму драйвері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жүздесіп отырмыз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тұтастай өмір жолын, әсіресе, егемен ел атануға, егемендігімізді баянды етуге қосқан баға жетпес үлесін, туған халқының, барша қазақстандықтардың базарлы бүгіні мен жұлдызды болашағын болдыруды мақсат тұтқан жанкешті тұлға қайраткерлігінің жылнамасы деп түсінеміз.

Елбасы кітапханасы көрмесі атауының өзі көп нәрсені аңғартып тұр. Президент Н.Назарбаев – Қазақ Елінің алтын дәуірі болмақ ХХІ ғасырдың қайталанбас бірегей тұлғасы, Қазақстан қоғамының жаңа, азат тарихын жасақтау жолында қажымай, талмай, ұлы мұратынан адаспай жүріп өтіп, алға ұмтылған ақылман көшбасшы, сұңғыла саясаткер, ғибратты ғұмыр иесі, - деп атап өтті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков.

Халықаралық конференция жұмысына 8 шетел мемлекеттерінен (ҚХР, Корея Республикасы, Түрік Республикасы, Индия Республикасы, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Қырғызстан және басқалары) 126 ғалым және Қазақстанның жиырмадан астам жоғары оқу орны қатысты. Атап айтқанда, Шыңжаң Қаржы-экономикалық университетінің профессоры Ли Цзяньхун (Қытай), М.Акмулла атындағы Башқұрт мемлкеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Филарит Терегулов, Тонмён Университетінің ғылыми қызметкері Сон Си Мьон (Пусан қ., Оңтүстік Корея), М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Ербол Бекмұхамбетов және басқалары.

Конференция қатысушылары Қазақстан өңірлерін дамыту бойынша Н.Ә.Назарбаевтың стратегиясы мәнмәтінінде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жобасын жүзеге асыру, этникааралық, конфессияаралық келісімнің рухани даму мәдениетін сақтау, әлемдік қоғамдастықтағы Қазақстанның халықаралық дәрежесі мен беделін артыру факторы болып табылатын Тұңғыш Президент – Елбасының сыртқы саясаттағы бастамалары туралы ғылыми зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

    

Елбасы кітапханасы конференция қорытындысы бойынша қатысушылардың ғылыми еңбектерінен тұратын жинақ басып шығарады.

Сонымен қатар, Елбасы кітапханасы конференция аясында Н.Ә.Назарбаевтың жоғары беделінің нәтижесі болып табылатын Қазақстанның сыртқы саясат стратегиясына арналған Елбасының Жеке кітапханасының жинақтарынан тұратын «Әлем таныған Елбасы» атты бейнелі кітап көрмесін ұсынды.