11 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы: мемлекеттік басқару стратегиясы және көшбасшы феномені» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Іс-шара «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі ғылыми-білім беру және мәдени-ағартушылық көрме жобасы аясында ұйымдастырылды.

Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов өз сөзінде тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың жаһандық рөліне тоқталды:
– Тәуелсіз Қазақстанның дамуы және қалыптасуының жаңа тарихында Президенттің саяси көшбасшылығының мәні мен рөлі сөзсіз маңызды екені белгілі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси батылдығы, стратегиялық дарыны, көздеген мақсатқа жетудегі табандылығы мен өзіне деген сенімділігі – бүгінде әлем қауымдастығы мойындаған толағай табыстарымыз бен Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі қалыптасуының негізіне айналды. «Назарбаевтың саяси көшбасшылығы» және «Назарбаев феномені» ұғымдары саясаткер, сарапшы, саясаттану ғалымдары мен публицистердің сөздік қорына тұрақталып, басты назардағы зерттеу нысандарының біріне айналып отыр. Н. Ә. Назарбаевтың көшбасшылық феномені зерттеушілердің саяси көшбасшылықтың белгілі үш моделінің негізінде түсіндіріледі, олар – тұлғалық болмысы, лидерлік стилі, өзгермелі тарихи жағдаяттар. Міне, сондықтан «Назарбаев феноменін» ең алдымен, Елбасының болашаққа бағытталған саяси стилі, қоғаммен қарым-қатынас және стратегиялық басымдықтары арқылы қарастыру қажет.

– Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси көшбасшылық жетістіктері мен халықаралық аренадағы теңдессіз биік беделіне Елбасының жеке қасиеттері, соның ішінде өзіндік ұстанымына беріктігі, көзқарастарының нақтылығы, кедергі мен қиындықтарға төтеп беріп, алған бетінен қайтпай, бастаған ісін соңына дейін жеткізетін табандылығы себепші болған. Нұрсұлтан Назарбаевқа тән барлық қасиеттер ең жоғары халықаралық деңгейдегі мемлекет қайраткеріне лайықты мықты көшбасшылық бастаманы таныту болып табылады, – деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Алматы қаласының әкімі Арман Қырықбаев сөзін былай сабақтады:

– Мемлекет басшысына арналған шараға қатысып, елорда қонақтарын қарсы алу мен үшін үлкен мәртебе. Алматы – Президент тұлғасымен тығыз байланысты қала. Еліміздің оңтүстік астанасы – Н. Назарбаев бас сәулетшісі және нышаны болып табылатын тәуелсіздігіміздің «алтын бесігі». Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында тағдырымызды шешкен тарихи маңызы бар шешімдер осында қабылданған. Атап айтсақ, Мемлекеттік тәуелсіздік туралы Конституциялық заңға қол қойылды, Конституция қабылданды, мемлекеттік рәміздер бекітілді, ұлттық валюта енгізілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің алғашқы сайлауы, сондай-ақ Қазақстан Президентінің алғашқы ұлықтау рәсімі де Алматы қаласында өтті.
Осы жылдар ішінде Мемлекет басшысының кемел саясатының арқасында Қазақстан зор жетістіктерге қадам жасады. Еліміз даму жолында тамаша нәтижелерге қол жеткізіп, азаматтардың әл-ауқаты жақсарды. Мемлекет басшысының бастамасымен өткен «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі Қазақстан мен Президенттің халықаралық биік беделін тағы да асқақтатты. Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына енді. Елбасы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына енуді мақсат етіп қойды. Президент ұсынған ауқымды саяси, экономикалық, рухани жаңғыру, институционалдық реформалар – осы стратегиялық мақсатты бүгін шешуге бағытталған. Өткізіліп жатқан көрме, конференция сынды іс-шаралар – мемлекетіміздің 25 жылдық жемісті жеңісінің әрбір кезеңін, ерекшелігін өскелең ұрпаққа жеткізудің амалдары.

Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат Елбасы бастамасының рухани сананы жаңғырту үдерісіндегі қазақ мәдениетінің үлкен әлеуеті мен маңыздылығын атап өтті:
– Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің ортақ іждағаттылығының арқасында рухани мәдениеттің кез келген бөлшегі құндылық болып саналады, сондықтан ұлттың мәдени әлеуетіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазақ елі әлемдік қауымдастыққа беймәлім мәдени мұраға ерекше бай. ЮНЕСКО Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ұлттық, халықаралық және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастығын өте жоғары бағалайды. Сондай-ақ мәдениетті бейбіт, қауіпсіз, әділ және адамзат келешегінің сенімділігіне қажетті бағыт ретінде пайдаланады және насихаттайды.

Алматы қаласындағы Венгрияның Бас консулы Ференц Блауманн Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды қазақ халқының тарихи тұлғасы және аса көрнекті қайраткеріне арналған конференцияға қатысу зор мәртебе екенін айтты:
– Н. Назарбаев пен Мажарстанның арасында ежелден достық қатынас қалыптасқан. Елбасы Тұңғыш Президент ретінде қазақ-венгр қарым-қатынасының нығайып, жоғары деңгейге көтерілуіне және одан әрі дамуына ықпал жасады. 25 жылға жеткен дипломатиялық қарым-қатынастардың нәтижесі туралы бірер сөз айтуға рұқсат етіңіздер. 1992 жылдың 23 наурызында Қазақстан Республикасы мен Венгрия арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстанда 1993 жылы ашылған Венгрия елшілігі Алматы қаласында орналасты. 2012 жылдың қыркүйегінде қыпшақтардың қонысына айналған Венгрияның Карцаг қаласында мәртебелі консулдық ашылды. 2014 жылы Атырауда, 2016 жылы Ақтөбеде, 2017 жылы Шымкентте мәртебелі консулдықтар ашылды. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы ынтымақтастық стратегиялық қарым-қатынасқа бағытталған. Біздің әріптестігіміздің ширек ғасырында сауда-экономикалық байланыстар белсенді дамыды, бірлескен экономикалық жобалар қатары жүзеге асты, тікелей инвестиция тартатын бірлескен ауыл шаруашылық қоры құрылды, Венгрия сауда үйі ашылды. Н. Ә. Назарбаевтың Венгрияға сапары үнқатысудың кеңейе түсуіне ұйытқы болды.
Шара барысында қатысушылар 25-ке жуық баяндамалар тыңдады, сонымен қатар аталмыш тақырыпты жан-жақты талқылады.
Ғалымдар конференцияның жұмысы барасында Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі дамуы, саяси көшбасшы феноменінің орны мен рөлі, мемлекетті басқарудағы президент рөлінің өзгеруі, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы президенттік-парламенттік жүйеден кейінгі жылдардағы қуатты президенттік басқару жүйесіне дейінгі еліміздің мемлекеттік құрылымының дамуы, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жаңа астананың ауыстырылуы мен қалыптасуы сынды маңызды тақырыптарды ортаға салды.
Конференцияның қорытындысы бойынша қабылданған қарарда әлеуметтік-саяси және қазақстандық қоғамның рухани жаңғыру міндеттерін шешу үшін еліміздің ғылыми-білім беру әлеуетін барынша пайдалану мақсатында нақты ұсыныстар айтылды.
Шара Мемлекет тарихы институты, Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты, Алматы қаласының әкімдігі мен мәслихаты, ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессор-оқытушылар құрамы, отандық және шетелдік ғалымдар, саяси жаңғыру мен әлеуметтік-саяси қатынастар саласындағы саяси сарапшылардың қатысуымен өтті.