ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ БАСПА ЖӘНЕ РЕДАКЦИЯЛАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ Н.С. ТОҒЫЗБАЕВТЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Қ.К. ТОҚАЕВ БАСТАҒАН САЯСИ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ РЕФОРМАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН ПІКІРІ

Болашаққа сеніммен қараймыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше рет атап өткендей, жаңа Қазақстанда қоғамдық пікір алдыңғы қатарда тұруы тиіс. Бұл бастамамен Президент азаматтарды ел өміріне белсенді қатысуға шақырады. Бұл үндеу билік пен қоғам арасындағы сенімнің күшеюіне оң әсер етеді деп ойлаймын. Президент Қазақстанды демократиялық құндылықтар негізінде нығайтуға зор мән береді. Қасым-Жомарт Кемелұлы бастаған реформалардың көпшілігі саяси өзгерістерге бағытталған. Бүкіл халық үшін конституциялық өзгерістер енгізу бастамасын демократияға негізделген саяси жаңарудың белгісі деп санаймын.

Президенттің бастамасымен өткізілген республикалық референдумның қорытындысы көрсеткендей, қазақстандықтардың көпшілігі Мемлекет басшысының саяси жаңғыру бағытындағы бағдарламасына қолдау білдірді. Сайлау учаскелеріне келу және азаматтардың дауыс беруі – Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына деген сенімнің айқын көрсеткіші. Бұл референдумның ел болашағы үшін тарихи маңызы бар. Халық өз тағдырын дербес айқындады және бүкіл әлемге өзінің болашағына деген бірлігі мен сенімділігін көрсетті. Бірлік пен сенім – жаңа Қазақстанның басты тірегі.

Республикалық референдум «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қисынды жалғасы болып табылады. Бұл тұжырымдаманың негізгі идеясы азаматтардың мүдделері бірінші орында тұратын, ал мемлекеттік органдар азаматтармен өзара іс-қимыл жасап, оларға шешімдер қабылдауға қатысуға және олардың орындалуын бақылауға мүмкіндік беретін кедергісіз мемлекет құру болып табылады.

Ата заңға енгізілген суперпрезиденттік басқару нысанынан күшті парламенті бар президенттік басқаруға ауысу, жер және жер қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар әлемі халыққа тиесілігі, президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарына орналасуын шектеу, аралас сайлау жүйесі бойынша Мәжілістің депутаттық корпусын қалыптастыру, Сенатта президенттік квотаны қысқарту, мажоритарлық жүйе бойынша сайланған Мәжіліс депутатын сайлаушылардың қалауы бойынша қайтарып алу сынды өзгерістер – үлкен болашақ реформалар мен мүмкіндіктердің сөзсіз бастамасы.

Бұдан басқа, адам құқықтары жөніндегі уәкіл мәртебесін конституциялық деңгейде бекіту, оған азаматтардың өтініш білдіру мүмкіндігімен Конституциялық сот құру нақ осы құқық қорғау саласын қозғайтын түзетулердің маңызды блогы болып табылады.

Кезең-кезеңімен саяси қайта құру ұлттық экономиканы әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға, көлік-логистика жүйесін дамытуға, мемлекеттік аппаратты бюрократиясыздандыруға, құқықтық саланы жаңғыртуға және т. б. ықпал ететін болады.

Бүгінде мемлекеттік аппарат пен жалпы қоғам алдында елді жан-жақты жаңғырту жөнінде үлкен міндеттер тұр. Конституциялық қайта құруларды іске асыру кезеңіне өту үшін біз ортақ іске жұмыла кірісіуіміз қажет. Жаңа Қазақстанның айқын мақсаттарына міндетті түрде қол жеткізетінімізге толық сенімдімін.