Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасында «Тұңғыш» бастауыш партия ұйымының ашық жиыны өтті. Оған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы арқау болды.
Стратегиялық құжатта еңбек нарығын жаңғыртуға, жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, жемқорлықпен және экстремизммен күреске, кәсіпкерлік ортаны кеңейтуге басымдық берілген.
– Жолдаудың мақсаты – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Басымдық экономиканың жаңа үлгісін құруға берілетіні белгіленді. Оған қол жеткізу үшін барлығымыз күш-жігерімізді жұмылдырып, аянбай қызмет етуіміз қажет, - деп атап өтті жиналысты ашқан «Тұңғыш» бастауыш партиялық ұйымының төрағасы, Елбасы Кітапханасы директорының орынбасары Жапсарбай Қуанышев.
Жиынға қатысқан «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ корпоративтік хатшысы, «Бірлік» филиалы жастар кеңесінің төрағасы, саяси кеңес бюросының мүшесі Шыңғыс Қожахметов Жолдаудағы бес басымдыққа жан-жақты тоқталды.
– Елбасының әрбір Жолдауы нақты және өзекті. Өзімнің өмірімнен мысал келтірейін. Менің еңбек жолым Елбасы тапсырмасымен құрылған және бұған дейінгі Жолдауларда белгіленген халыққа қызмет көрсету орталығынан бастау алады. Бүгінде мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясында қызмет етемін. Аталмыш компанияны құру идеясы да Елбасының стратегиялық құжаттарының бірінде бірінде айтылған болатын, - деді Шыңғыс Қожахметов.
«Тұңғыш» бастауыш партиялық ұйымының мүшелері Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы басты бағыт-бағдарларға тоқталды.

– Жолдау терең мағыналық сипатқа ие. Алмағайып заманда және қазіргі әлемдегі қатерлерге байланысты стратегиялық құжаттың маңыздылығы арта түседі. Елбасы айқындаған дамудың бағдарлары қысқа мерзімде Қазақстанның алдыңғы қатарлы елдердің қатарына кіруіне септігін тигізетініне сенімдімін. Қазақстандықтардың алдындағы басты міндет – сандық технологияларға жаппай көшу, - деді тарих ғылымдарының кандидаты, Елбасы Кітапханасы Әлеуметтік-ағартушылық жобалар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Сағынтай Бердагұлова.
Тарих ғылымдарының кандидаты, Кітапхана ұйымдастыру жұмысы қызметінің жетекшісі Ботагөз Қайыпованың пікірінше, стратегиялық құжаттың маңызды бөлігі – үштілділікті енгізу. Бұл Қазақстанға дамыған 30 елдің қатарына кіруге жол ашып, түрлі салалардағы кәсіби мамандар арасында бәсекелестік ортасын қалыптастырады.
– Заман талаптарын орындауға өскелең ұрпақ бейімдірек болғандықтан, Жолдауды жүзеге асырудағы үлкен жауапкершілік жас мамандардың мойнына артылады. Бұл ретте бәсекелестік талаптарына жауап беру үшін кәсіби мамандар да білімдерін кеңейтуге дайын, - деді Ботагөз Қайыпова.
Елбасының биылғы Жолдауын еліміздің дамуына жаңа серпін береді. Елбасы Кітапханасы Стратегиялық зерттеулер және болжау қызметінің басшысы Михаил Мироненконың пікірі осыған саяды.
– Еліміздің Президенті Қазақстан азаматтарының мүддесіне баса назар аударады. Құжатта бәрімізді бірдей мазалайтын сауал – балаларымыздың болашағы көрініс тапқан, - деді Михаил Владимирович.
Сонымен қатар партиялық жиналысқа қатысушылар Елбасының биліктің үш тармағы арасындағы өкілеттікті қайта бөлуге қатысты арнайы үндеуіне бойынша халықаралық сарапшылардың пікірлерімен танысты. Шетелдік мамандардың пайымдауынша, Президенттің шешімі бүгінгі заман талаптарына сәйкес келеді және саяси жүйенің дамуына әрі экономиканың қарқын алуына септігін тигізетіні анық.
Жиналысты қорытындылаған Жапсарбай Қуанышев Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын ілгерілету бағытында «Әлемді өзгертетін идеялар» жобасы қолға алынып, оның аясында семинар-тренингтер жүйелі өткізілетінін атап өтті. Елбасының жаңа Жолдауы Елбасы кітапханасындағы интерактивті білім беру үстелдерінің, дәрістер мен экскурсиялардың мазмұнына енгізілген.

