2017 жылғы 29 тамызда Назарбаев орталығы ғимаратында «Конституция – ұлт мұрасы» атты көрме ашылды. Қазақстан Республикасы Конституциясының күні қарсаңында ұйымдастырылған көрме Елбасы кітапханасының архив және кітап жинақтарынан құрылды. Оның материалдары келушілерді мемлекет азаматтарының құқығын, Қазақстан жолының егемендігін жария еткен, Тәуелсіздіктің негізгі мұрасы, Қазақстан Конституциясының тарихымен таныстырады.
Егемен Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылғы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған ҚР Жоғарғы Кеңесінің тоғызыншы сессиясында қабылданған. 1993 жылғы желтоқсанда ХІІ шақырылған Жоғарғы Кеңес өз өкілеттілігін жедел доғаруының нәтижесінде конституциялық дағдарыс пен жаңа Конституция қажеттілігін тудырды. Жаңа Ата Заңды дайындауда Н.Ә. Назарбаев отандық заң ғылымының әлеуетін іске тартып, әлеуметтану салаларының мамандары мен сарапшыларын жұмылдырды.

Қолданыстағы Конституция 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдум барысында қабылданды. Референдумға 19 шақты қоғамдық бірлестіктің мыңға жуық өкілі қатысты. Шетелдік бақылаушылар ретінде Венгрия, Египет, Польша, Румыния, Тәжікстан, Украина, т.б. мемлекет өкілдері болды. Референдумға қатысқан сайлаушылар санының үлесі 90.58% болса, жаңа Конституцияның қабылдауына олардың 89.14%-ы дауыс берген.
Қолданыстағы Ата Заңның 20 жылдық тарихы бойынша, өзгерістер 4 рет, 1998, 2007, 2011, 2017 жылдары енгізілді.

2017 жылғы 10 наурызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Президенттің, Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін бөлу мәселелері қайта қарастырылған Конституция 19 бабына 26 өзгерту енгізілді. Көрме материалдарының негізгі тың жәдігерлеріне 2017 жылғы 10 наурызда Мемлекет басшысының заңға қол қойған қаламы жатады.