1998 жылғы 3-4 шілдеде Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында «Шанхай бестігі» форумы елдері көшбасшыларының үшінші кездесуі өтті. Оның қорытындысы бойынша «Алматы кездесуіне қатысушылардың бірлескен мәлімдемесіне» қол қойылды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) – 2001 жылғы 15 маусымда Шанхай қаласында (ҚХР) алты мемлекеттің басшылары (Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы) негізін қалаған, тұрақты жұмыс істейтін, үкіметаралық халықаралық ұйым.
ШЫҰ «Шекара аймағындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы келісім» (Шанхай қ, ҚХР, 1996 жыл) және «Шекара аймағындағы әскери күштерді өзара қысқарту туралы келісім» (Мәскеу қ, РФ, 1997 жыл) негізінде құрылған. Аталған құжаттарға қол қойылған соң «Шанхай бестігі» деген термин пайда болды. 2001 жылы ұйымның құрамына алтыншы мүше болып Өзбекстан қосылғаннан кейін Ұйымның атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы деп қайта аталды.
ШЫҰ барша еуразиялық аймақта қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақтылықты сақтау үшін Еуразия мемлекеттерінің көптарапты қауымдастығы ретінде құрылды.
2002 жылғы 7 маусымдағы ШЫҰ Хартиясына сәйкес Ұйымның негізгі мақсаты – өзара сенім, достық пен тату көршілікті нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру, энергетикалық, көлік, экологиялық және басқа салалардағы тиімді ынтымақтастықты қолдау.
Қазіргі уақытта ШЫҰ-на Ұйымның сегіз мүше-мемлекеті кіреді: Үндістан Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы; төрт мемлекет ШЫҰ жанындағы байқаушы мәртебесіне ие мемлекеттер, олар – Ауғанстан Ислам Республикасы, Беларусь Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Моңғолия Республикасы; алтауы - ШЫҰ сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттер, олар – Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Камбоджа Корольдігі, Непал Федеративті Демократиялық Республикасы, Түркия Республикасы, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасы.
Бүгінде ШЫҰ (байқаушы және сұхбат бойынша әріптес мәртебесіне ие мемлекеттермен бірге) 3 миллиардтан астам тұрғынды немесе дүние жүзі халқының 50 пайызға жуығын құрайды. Ұйымға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі және ядролық қаруға ие екі мемлекет – Қытай мен Ресей, әлемде халқы көп екі ел – Қытай мен Үндістан, сонымен қатар БРИКС-ке мүше бес елдің үшеуі – Ресей, Үндістан, Қытай және әлемде қуат көзін мол тұтынатын екі ел – Үндістан мен Қытай кіреді.
ШЫҰ-ға тән ерекшелік – Ұйым мәртебесі бойынша НАТО сияқты әскери блокқа жатпайтын, АСЕАН сынды қауіпсіздік бойынша тұрақты ашық кеңес емес аралық ұстанымы бар ұжым. ШЫҰ бірікпеу, бейбітшілікті қамтамасыз ету және үшінші тараптарға бағытталмаған саясатты қарастыратын «Қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын» қолдайды.
Осы уақыт ішінде ШЫҰ саясат пен қауіпсіздік саласында айтарлықтай табыстарға қол жеткізді. Ұжымға мүше мемлекеттердің қорғаныс министрліктері, құқық қорғау органдары, сот билігі органдары желісі бойынша кеңестер мен кездесулердің бірқатар тетіктері жасалды, олардың көмегімен қатысушы-мемлекеттер өңірлік және халықаралық мәселелер жөнінде кеңестерді нығайтып, іс-әрекеттерін үйлестіреді, бір-біріне өзара қолдау көрсетеді және халықаралық және аймақтық маңызды мәселелер бойынша тығыз ынтымақтастықты орнатуда.
2017 жылғы 8-9 маусымда Қазақстанның елордасы Нұр-Сұлтанда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің тарихи отырысы өтті. Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасына Ұйымның толық құқылы мүшесі мәртебесі берілді.
Жаңа мүше-мемлекеттердің қабылдануы Ұйымның дамуына жаңа мықты серпін берді және оның халықаралық беделінің артуына ықпал етті. Оңтүстік Азияның екі ірі мемлекетінің бірігуі ШЫҰ-ның әлеуетінің нығаюы мен мүмкіндіктер аясын, оның ішінде осы уақыттағы және туындайтын сын-қатерлермен күресуде де кеңейтуіне септік етті.
ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысында сөйлеген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «12 жыл бұрын екі ел – Үндістан мен Пәкістан Ислам Республикасына Ұйымымыздың байқаушы мәртебесін беру туралы шешімге Астанада қол қойылуының символдық мәні бар. Отырымыздың тарихи маңыздылығы осы елдердің ұйымымызға бірінші рет қатысып, қанаты кеңге жайылды», - деп атап өтті.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізін қалаушылардың бірі деп атауға лайықты. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ШЫҰ-ны құру мен дамыту ісіне елеулі үлес қосты.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – халықаралық қоғамдастықтың назарын аударған кең ауқымды жаңашыл идеялардың бастамашысы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы берік практикалық негізі бар бірқатар маңызды, ілгері де мазмұнды бастамаларды ұсынды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев посткеңестік кеңістіктегі еуразиялық интеграцияның бастаушысы бола, еуразиялық елдердің ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге жан-жақты қолдау танытады. Қазақстан ЕАЭО мүшесі ретінде «Бір белдеу – бір жол» ҚХР геосаяси бастамасы мен ЕАЭО арасындағы стратегиялық түйісудің бірлескен декларациясына қол қоюға қатысты. Бұл құжат еуразиялық континент елдері мен ШЫҰ-ға мүше елдердің ортақ дамуына үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропа мен Азиядағы (Еуропалық Одақ, ЕАЭО және ШЫҰ) ірі аймақтық бірлестіктер және жобалармен серіктестік орнату жөніндегі «Үш диалог» бастамасы тұтас еуразиялық аймақ ауқымында ерекше маңызға ие болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ШЫҰ-на мүше мемлекет басшылары кеңесінің отырысының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатында (Екатеринбург, РФ, 2009 ж.) ШЫҰ елдеріне бірыңғай ортақ есеп айырысу бірлігін енгізуді және ШЫҰ-ның барлық елдерінің ұлттық валюталарында өзара есеп айырысуға көшуді ұсынды. Елбасының осы бастамасы ШЫҰ-ға мүше елдердегі сыртқы факторлардың әсерінен туындайтын қаржылық қатерді айтарлықтай төмендете алады.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев бірыңғай транс-энергетикалық кеңістік құруды ұсынды. Бейжің – Нұр-Сұлтан - Мәскеу - Берлин бағытында жоғары жылдамдыққа бейім Еуразия теміржолын тұрғызу жөнінде Елбасы ұсынған мега жобаның стратегиялық әлеуеті зор. Ол ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер мен ЕО мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға жағдай жасайды.
Қазіргі заманғы бірлескен өндірістерді дамыту және электрондық сауданы кеңейтудің ортақ платформасын құру үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңейтілген отырысында (Нұр-Сұлтан, Қазақстан, 2018) санға айналдыру және жаңа технологиялар саласындағы тәжірибе алмасудың алаңын құруды ұсынды.
ШЫҰ аясында Нұрсұлтан Назарбаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тетіктері - ШЫҰ-да азық-түлік және ауыз су мәселелері бойынша арнайы комитет құруды және Шанхай ынтымақтастық ұйымын дамытудың бірыңғай ұлттық болжау институтын құруды ұсынды.
Бүкіл ғаламшарда бейбітшілік орнатуда күш-жігер жұмсап, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Иранның ядролық мәселесіне, Ауғанстан, Сирия, Украина елдеріндегі қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу процесіне тікелей қатысты. Елбасының бітімгершілік беделі әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның оң имиджін дамытып, халықаралық абыройын арттыра түсті.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарихи дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. ШЫҰ аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналып, ынтымақтастық орнатудың жігерлі де жемісті құралы ретінде мойындалды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы тарих тұрғысынан қысқа саналатын мерзімде әлемдік деңгейде беделін күшейтіп, халықаралық қатынастардағы қауіпсіздіктің кепіліне айналды. Тұңғыш Президентіміз - Елбасының халықаралық бастамалары арқасында Қазақстан ШЫҰ-ның белсенді қатысушысы ретінде танылды. Ынтымақтастықтың көптеген салаларында ұйымның қозғаушы күші болған еліміз оның мақсаттарына қол жеткізуге бүгін де үлесін толық қосып келеді.
Әдебиеттер:
Алиев М.А. О некоторых идеях развития ШОС // https://cyberleninka.ru/article/n/o-nekotoryh-ideyah-razvitiya-shos
Китайские эксперты дали высокую оценку инициативам Президента РК на саммите ШОС // https://www.inform.kz/ru/kitayskie-eksperty-dali-vysokuyu-ocenku-iniciat...
На саммите ШОС Назарбаев предложил создать совместные механизмы финансирования проектов. // https://kursiv.kz/news/politika/2018-06/na-sammite-shos-nazarbaev-predlo...\
Назарбаев: ШОС вступила в новый этап развития как «Шанхайская восьмерка» // https://tass.ru/mezhdunarodnaya-panorama/4325514
О Шанхайской организации сотрудничества // http://rus.sectsco.org/about_sco/20151208/16789.html
Шанхайская организация сотрудничества // https://kazembassy.ru/rus/mnogostoronnee_sotrudnichestvo/shos/

