ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ КЕҢСЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ МАХМҰД ҚАСЫМБЕКОВ Х. ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

2018 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіне барды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кітапханасының «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасы аясында білім ордасының профессор-оқытушылар құрамымен және білім алушы жастармен кездесу өткізді.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, химия ғылымдарының докторы Абзал Тәлтенов Махмұд Базарқұлұлына оқу орнына уақыт тауып, ат басын бұрғанына алғысын білдіре келе, осындай кездесулердің маңызы зор екенін атап өтті.

Кездесу барысында М. Б. Қасымбеков университетке қазақ және орыс тіліндеріндегі «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев. Қызмет хроникасы», «Имя, ставшее эпохой», «Менің президентім», «Когда мысль – материальна», «Назарбаев моделі», «Жылдар мен ойлар» сынды 125 танымал басылымды сыйға берді.

– Бұл кітаптар білім алушы жастар үшін тәуелсіз Қазақстанның тарихы туралы білімнің нағыз қайнар көзі болып табылады. Саналы оқырманға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жүргізіп отырған мемлекеттің стратегиялық саяси бағытын түсінуге мүмкіндік береді. Бұл кітаптарда еліміздің тәуелсіздігінің шынайы тарихы мен Елбасымыздың мемлекетімізді құру және дамытудағы ерен еңбегі, Қазақстанның болашағына деген болжамдары баяндалады, – деді.

Махмұд Базарқұлұлы тыңдаушыларды қызықты деректермен хабардар етіп, әр басылымның мазмұны жөнінде әңгімелеп берді. Сондай-ақ құрметті мейман қатысушыларға Елбасының тығыз жұмыс тәртібі туралы баяндады.

– Төл тарихымызды өскелең ұрпаққа мұра етіп қалдыру үшін дәуіріміздің маңызды құжаттарын сақтап қалуымыз керек. Біз құжаттарды қайта қалпына келтіру үшін үлкен жұмыстар жүргіздік. Менің ойымша, құжаттардың 95 пайызын қалпына келтірдік. Мемлекет басшысының сол жылдардағы өте маңызды стратегиялық баяндамалары, жазбаларының басым бөлігі осы басылымдарға енгізілген, – деді Махмұд Базарқұлұлы.

М. Б. Қасымбеков Президент кеңсесінің жұмысына қатысты көптеген сұрақтарға жауап берді.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп М. Б. Қасымбековке профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің атынан алғысын білдірді.