ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ КЕҢСЕСІНІҢ БАСТЫҒЫ МАХМҰД ҚАСЫМБЕКОВ Қ. ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ОҚЫТУШЫЛАРЫ ЖӘНЕ СТУДЕНТТЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

2018 жылғы 14 қарашада Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлық құрамы және білім алушы жастарымен кездесті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков қонаққа алғысын білдіре келе, «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі қор көрмесі аясында өтіп жатқан оқытушылар және студенттермен кездесудің Университет қабырғасында өтуі зор мақтаныш екенін атап өтті.

- Жоба 2017 жылғы қарашада Алматы қаласында бастау алып, ағымдағы жылдың ақпанында Шымкентте жалғасты. Қыркүйек айында Атырау облысында жоғары деңгейде өтті. Осы уақыт аралығында көрмемен 350 мыңнан астам адам танысты. Музей экспозицияларымен Ақтөбеге, оның ішінде 85 жылдық тарихы бар, еліміздегі беделді Университетке де арнайы келдік - деп, атап өтті М. Б. Қасымбеков кездесу барысында.

Қор көрмесі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының аталмыш көшпелі көрме жобасының басты оқиғасы болып табылады. Жоба аясында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен семинар, дөңгелек үстел, семинар-тренингтер, «ашық кеңістік» форматындағы интерактивті сұхбат, көрме бойынша шолу және тақырыптық экскурсиялар, сонымен қатар Ақтөбе облысы бойынша көшпелі экскурсиялар ұйымдастырылады. Көрменің негізгі мақсаты – кітапхана жинақтары негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тәуелсіз Қазақстанның тағдырындағы рөлін жүйелі түрде кеңінен көрсету. Жоба Елбасы кітапханасының жинақтарынан ұсынылған қор көрмесіне негізделген. Жинақталған, жүйеленген архивтік, кітап, жәдігерлік кешендер Тәуелсіздігіміздің тарихын, Қазақстанда Президенттік институттың қалыптасуы мен даму бойынша бірегей зерттеу, талдау, мәдени-ағартушылық, білім беру, ақпараттық алаңды жасақтайды.

Ақтөбе облысының қалың жұртшылығына арналған көрме сарапшылар қауымдастығының, ғалымдардың, мәдениет және білім саласы мамандарын біріктіретін ерекше форумға айналатын болады.

Кездесу барысында Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің кітапханасына Елбасы кітапханасынан сый ретінде 360 кітап тарту етілді. Олардың ішінде – Н.Ә.Назарбаевтың еңбектері, 1990-2016 жылдардағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қызмет хроникасы, Мемлекет басшысының ресми өмірбаяны, қазақстандық және шетел авторларының Елбасы туралы кітаптары, қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдениет тақырыптарына арналған өзекті әдебиет. Махмұд Базарқұлұлы тыңдаушыларға қызықты деректер келтіре отыра кейбір басылымдардың мазмұны туралы айтып берді және кездесу қатысушыларының сұрақтарына жауап берді.