ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТТАРЫ ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ МУЗЕЙІНІҢ ЖАҢА ҒИМАРАТЫНДА БОЛДЫ

29 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары келді.

Депутаттар қосыны еліміздің тарихи әрі рухани орталығымен танысты. Халық қалаулылары көрме залдарының мазмұндық сипатына ерекше тоқталып, Елбасы жолы мемлекет саясатын бірізділікке түсіретін бірден-бір таптырмас құрал екендігін атап өтті.

Әдеттегідей, депутаттарға арналған экскурсия «Елбасыға бастар жол» пролог-фильмін тамашалаудан басталды. Видео арқылы саяхат кешкен олар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Мәңгілік Ел» патриоттық актісінің пайда болу тарихына көз жүгіртіп, мемлекет идеологиясы үшін күрескен Н.Ә. Назарбаевтың ерлігін тілге тиек етті.

«Жаһандық көшбасшы жолы» экспозициясын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жоғары бағалап, әлемді бейбітшілікке шақырған Елбасының ұстанымы турасында өзара әңгіме өрбітті. Артынан депутаттар Даңқ галереясындағы құнды жәдігерлердің тарихы жайлы сөз қозғап, Н.Ә.Назарбаевқа шет мемлекеттердің басшылары таққан мемлекеттік наградалардың саяси маңызын шегеледі. 

Экспозициялардың интерактивтілігі мен көркемдік сипаты келген қонақтарды таңқалдырды.

«Әрбір қазақстандық Тұңғыш Президент –  Елбасының жүріп өткен жолымен таныс болуы қажет. Бүгінгі технологияны пайдалана отырып, жаңа тенденцияларды қолдану арқылы Елбасы ерлігін насихаттау өте маңызды деп санаймын. Барлық заман талабына сай мынандай сұлу дизайнды орталық кімді де болсын сүйсінтеді», – деп сөзін аяқтады ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов. 

Экскурсия соңында депутаттар тобы тілектер кітабына естелік қалдырды. Онда Елбасы кітапханасының музейіне түрлі бағытта ауқымды жұмыстар атқарып жатқандығы үшін алғыс білдіріп, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болуын тіледі.