ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН: ӘРІПТЕСТІК КӨКЖИЕГІ

Ташкент қаласында Қазақстан мен Өзбекстанның әріптестігіне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны «Ma’no» зерттеу  бастамалар орталығы және Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық институты өткізді.

Дөңгелек үстелге 20-дан астам ғалымдар мен сарапшылар қатысты, олардың арасында Елбасы кітапханасының халықаралық қатынастар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Осман Досов болды. Кездесуге қатысушылардың міндеті - қазіргі кезеңдегі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың саяси, экономикалық және гуманитарлық аспектілеріне сараптама жүргізу, екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды тереңдетудің жаңа форматтары мен тетіктерін іздеу.

Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Дархан Сатыбалды сөз алды: «Біздің ынтымақтастығымыз туындайтын мәселелерді шешуде сындарлы көзқарас және өзара түсіністік арқылы көрінеді. Сонымен қатар, мемлекет басшыларының өзара ресми сапарлары және барлық деңгейлердегі тұрақты байланыстар - екі ел арасындағы берік достық пен бауырластық қатынастардың жарқын көрінісі».

Өз кезегінде, дөңгелек үстелге қатысушы, «Елбасы» кітапханасының халықаралық қатынастар қызметінің жетекші ғылыми қызметкері Осман Досов: «Орталық Азияның сауда-экономикалық әріптестік орталығының жұмыс істеуі қазақ-өзбек қатынастарының дамуына серпін беруі керек. Екі елдің шекаралас саудалары реттелгенін ескере отырып, мұндай байланыстарды жүйелі түрде жүргізу өзара тауар айналымының 5 млрд. АҚШ долларына дейін ұлғаюына мүмкіндік береді», - деп атап өтті.

«Ma’no» зерттеу  бастамалар орталығы басшысы Бахтиер Эргашев Орталық Азия елдері айналасында болып жатқан өзгерістер туралы сөз қозғады. «Экономикалық ынтымақтастықта біздің елдеріміз жаңа тәсілдерді іздеуге тиіс үлкен серпіліс бар. Сондықтан екі елдің жетекші сарапшыларының кездесулерін ұйымдастыру қажет, олар өзекті мәселелер мен сұрақтарды талқылап, оларды шешуге және ұсыныстар беруге тырысады», - деп атап өтті Б. Эргашев.

Дөңгелек үстел аясында «Өзбекстан мен Қазақстан дамудың жаңа кезеңінде» және «Өзбек-қазақ қатынастарының экономикалық аспектісі» пікірталас панельдері өтті.