Бүгін еліміз үшін елеулі күн. 1998 жылдың 20 қаңтарында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдерінің күні болып жарияланды.
Жыл сайын бұл мерекені Қазақстанда тұратын ұлт өкілдері мен ұлыстар тойлап келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда 130-ға жуық ұлттардың біразында өз тілдерін оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясы да жұмыс атқару үстінде.

Мереке қарсаңында Елбасы кітапханасымен танысуды ұйғарған «Жетісу» облыстық газетінің тілшісі Қажет Андас өз пікірімен бөлісті:
– Жер көлемі жағынан Қазақстан тоғызыншы орында болғанымен, мемлекеттік тілі жүзден астам ұлт басын қосқан ел ретінде Қазақстан алдыңғы қатарда. Тарихтың сансыз тосқауылынан өткен халқымыздың ұлт болып сақталып қалуы қазақ тілі қасиетінің арқасында. Осы орайда ел тәуелсіздігі мен жетістіктеріне Елбасының салиқалы саясаты мұрындық болғаны сөзсіз. Оны біз ғана емес, дүние жүзінің саясаткерлері, күллі әлем халықтары айтады. Бүгінде тарих пен болашаққа, дәстүр мен бабалар мұрасына деген ықыласының арқасында Қазақстан тілдер мерекесін тойлайтын санаулы елдердің бірі болып отыр. Айтулы мейрам күнінде Елбасы кітапханасына алғаш қадамымыз тиді. Бұрын ғимараттың сыртқы сәулетіне ғана тамсансақ, бүгін оның ішкі құрылысымен, қорындағы мәнді жәдігерлермен таныстық. Оларды зерттеу барысында кейінгі буын болашағының жарқын болатынына көзіміз жетті. Себебі, Елбасы кітапханасы – ел кітапханасы. Мұнда келген өз ұрпағымыз да, шет мемлекет азаматтары да еліміздің өткені мен бүгінін, ертеңін де көре алады, - дейді Қажет Андас. Қазіргі уақытта Елбасы кітапханасында тілшінің «Жерұйық мекені» атты кітабы бар.

Бүгінгі күні Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдері мен қазақ азаматтары мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге зейін қойып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлеуді мақсат етіп отыр. Мемлекет басшысының: «Біз барлығымыз бүкіл қазақстандықтарды біріктіруші негізгі фактор – мемлекеттік тілді дамыту үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз қажет» деген жалынды сөздері достығы мен бірлігі жарасқан әрбір Қазақстан азаматына арналып отыр. Кітапхана қорында тіл саласында жазылған 100-ден астам еңбек түрлері сақталған. Олардың қатарында кітаптармен бірге оқу құралдары мен монографиялар, ғылыми жинақтар мен анықтамалар да бар.