ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА – 25 ЖЫЛ. «ҰЛТТАР МӘДЕНИЕТІН ҰЛЫҚТАҒАН МЕКЕН» ВИРТУАЛДЫ КӨРМЕСІ

Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына арналған «Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен» виртуалды көрмесін дайындады.

«Ұлттар мәдениетін ұлықтаған мекен» көрмесінің міндеті – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының жинақтарынан алынған материалдар негізінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) еліміздің саяси жүйесіндегі рөлі мен орнын Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамалары мен саяси рөлі арқылы көрсету. 

Көрме үш негізгі тараудан тұрады. «Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қалыптасуы» тарауында архивтік құжаттар мен фотоматериалдар негізінде ҚХА тұғырнамасындағы бірлік пен келісім идеясының дамуы мен нығаюының тарихы ұсынылған.

«Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» тарауы көрермендерді Қазақстан өңірлеріне жұмыс сапары барысында Елбасының ел тұрғындарымен кездесуі фотоматериалдармен таныстырады.

 «Бірліктің кілті» тарауында ұсынылған фотосуреттерде Елбасының Қазақстанның этномәдени орталықтарына барған сәттері бейнеленген.

Сондай-ақ, ұлттық саясат мәселесіндегі жасампаздық қызметін тану және оны қолдау белгісі ретінде этномәдени орталықтар, қоғамдық ұйымдар және әлемдік саяси қайраткерлер тарапынан Елбасы Н. Ә. Назарбаевқа әр жылдары берілген марапаттар, кәдесыйлар, сыйлықтар көрмеге қойылған.

Қазақстан халықтары Ассамблеясы (2007 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы деп қайта аталған) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен 1995 жылғы 1 наурызда құрылған.

Н. Ә. Назарбаев 1992 жылы Тәуелсіздіктің біржылдығына орай өткен Қазақстан халқының бірінші форумында консультативтік-кеңесші орган ретінде Ассамблея құру идеясын алғаш рет жариялаған болатын. 2007 жылғы конституциялық реформаның нәтижесінде Ассамблеяға конституциялық мәртебе беріліп, Парламент Мәжілісіне 9 депутатты сайлау құқығына ие болды. Бұл ҚХА-ның саяси-басқарушылық рөлін айтарлықтай арттырды.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы республикадағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты жүзеге асыруға және қамтамасыз етуге, этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік пен қоғамның азаматтық институттарының өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік ұлттық саясат құралына айналды.

Елбасы төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін әлемдік қауымдастық этносаралық толеранттылық пен конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделі ретінде таниды.

Тұңғыш Президенттің 1995 жылғы 18 қазандағы тиісті жарлығымен бекітілген Қазақстан халқының бірлігі мерекесі елімізде 1996 жылдан бастап атап өтіледі. Жаңа мереке - Қазақстандағы ұлтаралық келісімді нығайту жолындағы тағы бір маңызды факторға айналды.